Ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскесін беру тәртібі?
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын беру сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырылады. Сауда-саттық Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы № 518 бұйрығымен бекітілген, Ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру және өткізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Конкурс өткізу туралы хабарламаны жариялау тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында, аудандардың жергілікті атқарушы органдарының интернет-ресурстарында, арнайы ақпараттық стенділерде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органының сайтында жүзеге асырылады. Конкурсқа қатысу үшін келесі құжаттар тапсырылады: 1) конкурсқа қатысуға өтінім; 2) конкурстық ұсыныс; Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты Жер комиссиясы Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 43-бабының 2-тармағына сәйкес өткізеді. Конкурс жеңімпазы бизнес-жоспар бойынша, оның ішінде конкурстық ұсыныста көрсетілген инвестициялардың болжамды көлемі бойынша балл беру жолымен бағаланады. Баяндалғанға байланысты аудандардың, облыс қалаларының жергілікті атқарушы органдары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру жөніндегі конкурс жариялағаннан кейін әрбір жеке не заңды тұлға оған қатысуға құқылы.