Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде ақау болған жағдайда ойын бизнесін ұйымдастырушылардың жауапкершілігі қандай?
Заңның 15-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес мүліктік өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар, атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның шешімімен Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген адамдарға құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға тыйым салынған . Бұл ретте, Кодекстің 444-бабының 3-бөлігіне сәйкес Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған, мүліктік өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар адамдарға құмар ойындарға және (немесе) ақшаға, заттарға және өзге де құндылықтарға бәс тігуге қатысуға жол беру орта кәсіпкерлік субъектілеріне – үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Кодекстің 444-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайта жасалған әрекеттер лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға алып келеді. Заңнамада жеке тұлғалардың белгіленген тыйымды байқаусыздан бұзуға және ойын бизнесін ұйымдастырушылары тарапынан Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған адамдарды құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға байқаусыздан жол беруді қарастыратын жағдайлар мен ерекшеліктер анықталмаған. Бұл белгіленген жауапкершілік нысанын қоса алғанда, құмар ойындар ұйымдастырушыларының және олардың клиенттерінің іс-әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) туындайтын тәуекелдер мен салдардың бар екендігін куәландырады. Алайда, адами факторға (мұндай адамдарды ойын мекемесінің тексеруші персоналының назарынан тыс қалдыруына) , техникалық сипаттағы мән-жайларға (мемлекеттік ақпараттық жүйелердің дұрыс жұмыс істемеуі, сол сияқты олардың техникалық себептер бойынша қолжетімсіздігі, интернетке қолжетімділіктің болмауы) және өзге де объективті себептерге байланысты (мысалы, ойын мекемесіне салдарын түсінуімен бару немесе ойынға қатысу мақсатында клиенттің мәліметтерді қасақана жасыруы) мұндай бұзушылықты құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушылар тарапынан да, ойын бизнесін ұйымдастырушылар тарапынан да жоққа шығаруға болмайды. Мұндай жағдайлар туындаған кезде ойын бизнесін ұйымдастырушылар жоғарыда аталған жауапкершіліктен босатылмайды, ол бойынша шара әрбір жағдайда жеке қаралады, оның ішінде әкімшілік іс жүргізу шеңберінде және азаматтық-құқықтық тәртіппен өзге адамдардың қатысуы ескеріле отырып айқындалатын болады. Сонымен қатар Кәсіпкерлік кодекстің 10-бабының 3-бөлігіне сәйкес мемлекеттік органдарда бар және кәсіпкерлік субъектілеріне қажетті ақпарат, егер оны пайдалану Қазақстан Республикасының заңдарымен шектелмесе, қолжетімді болуға тиіс. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, мұндай ақпарат тегін беріледі. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңның 9-бабы 2-тармағының 1), 2) және 8) тармақшаларына сәйкес ақпарат иеленуші ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге, қол жеткізуді қамтамасыз етуге қажетті ұйымдастырушылық-техникалық және басқа да жағдайларды өз өкілеттіктері шегінде қамтамасыз етуге, сонымен қатар ақпарат қамтылған интернет-ресурстардың іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті. Осыған байланысты, әкімшілік және (немесе) азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде даулар туындаған жағдайда сақтық шараларын қолдану мақсатында (мысалы, осындай даулар бойынша қолданылған әкімшілік жазаға дауласу кезінде немесе бәс тігуге рұқсат беруден бас тартуға байланысты клиент келіспеушілік/наразылық білдірген кезде) , жеке тұлғада құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға тыйым салу фактісін анықтау мүмкін болмаған жағдайда техникалық сипаттағы мән-жайлардың туындауына байланысты (интернеттің болмауы, Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне қолжетімділіктің болмауы, ақпараттық жүйенің дұрыс жұмыс істемеу себептері бойынша) ойын бизнесін ұйымдастырушы көрсетілген себептерді техникалық іркіліс актісін жасау, уәкілетті мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерін техникалық қолдау қызметтеріне және (немесе) ойын мекемесіне интернетке қолжетімділік беретін компанияға техникалық ақаулардың туындағаны туралы жазбаша өтініш жасау жолымен, фото- және (немесе) бейнежазбалар түсіру, ақпараттық жүйелердің ақаулығы туралы куәландыратын скриншоттар және техникалық ақаулар фактілерін толық және сенімді растайтын басқа материалдарды жинау арқылы бекітуге құқылы. Ойын бизнесін ұйымдастырушы жеке тұлғаның сауалнамалық деректерін Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тексеруге мүмкіндік болмаған жағдайда техникалық актіде техникалық ақаулық пен проблеманың орнын, күнін, жасалу уақытын, актінің нөмірін, қысқаша сипаттамасын, актіні жасаған адамдардың (кемінде үш адам) және тіркелетін жеке тұлғаның қолтаңбасын көрсету ұсынылады, сондай-ақ, мұндай актінің жасалған күнінен бастап 3 (үш) жыл ішінде ойын мекемесінде сақталуын қамтамасыз ету қажет. Жеке тұлғаны құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға жол беру немесе жол бермеу туралы одан әрі шешімді құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге әлеуетті немесе қазіргі қатысушымен дау шеңберінде осыған байланысты тәуекелдер мен салдарды, оның ішінде әкімшілік немесе азаматтық-құқықтық жауапкершілікке байланысты салдарды, ойын бизнесін ұйымдастырушы өз бетінше қабылдайды.