Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті

    Комитет туралы

    «Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі салаларында басшылықты жүзеге асыратын Министрліктің ведомствосы.

    Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады.

    Сұрақ-жауап

    Сұрақ

    Әлеуметтік желіде лотерея ойындарын өткізу заңды ма?

    Жауап

    Лотерея және лотерея қызметі саласындағы қоғамдық қатынастар «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі – Заң) реттеледі. Осы Заңның 1-бабының 2), 4) және 14) тармақшаларына сәйкес: 2) жүлде қоры – лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды тарату (өткізу) есебінен не лотерея операторының дербес қаражаты есебінен қалыптастырылатын және лотереяға қатысушыларға ұтыс түрінде төленетін ақша және (немесе) өзге де мүлік; 4) лотерея – осы Заңға, лотереяны өткізу талаптарына және шарттарына сәйкес өткізілетін, егер ол лотереяны өткізу шарттарына сәйкес ұтқан деп танылатын болса, бір тарап (лотерея операторы) жүлде қорының ұтыс ойынын өткізетін, ал екінші тарап (лотереяға қатысушы) ұтысқа құқық алатын ойын. Коммерциялық ұйымдардың тауарларды (көрсетілетін қызметтерді) сатуын ынталандыруға бағытталған жүлделердің ұтыс ойыны лотерея болып табылмайды; 14) лотереяны өткізу – лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды дайындау не оларды дайындауға арналған шарттарды жасасу, сондай-ақ лотереялық жабдықты және лотереяны өткізу үшін қажетті өзге де жабдықты, бағдарламалық өнімдерді дайындаушымен шарттарды және (немесе) лотереяны өткізу үшін қажетті өзге де шарттарды (келісімшарттарды) жасасуды, лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды таратуды (өткізуді) және есепке алуды, жүлде қорының ұтысын ойнатуды, ұтыс шыққан лотерея билеттеріне, түбіртектерге немесе өзге де құжаттарға сараптама жасауды, лотереяға қатысушыларға ұтыстарды төлеуді, лотереяны өткізу үшін қажетті өзге де іс-қимыл мен іс-шараларды жүзеге асыруды қамтитын іс-шараларды жүзеге асыру. Осылайша, Заңның 1-бабының 13) тармақшасына сәйкес лотерея операторы – лотерея өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға болып табылады. «Лотерея операторын және оған лотерея өткізу құқығын беру мерзімін айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 10 ақпандағы № 48 қаулысымен 15 жыл мерзімге лотерея өткізу құқығын бере отырып, лотерея операторы болып «Сәтті Жұлдыз» АҚ анықталды. Сондай-ақ, Заңның 5-бабының 4-тармағына сәйкес лотерея операторы болып табылмайтын жеке және заңды тұлғаға лотерея өткізуге тыйым салынады. Заңның 8-1-бабына сәйкес лотерея таратушы (агенті) өз қызметін лотерея операторымен жасалатын тапсырма шарты негізінде жүзеге асырады. Агенттік шарт Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес Заңда және лотереяларды өткізу қағидаларында көзделген лотереяны тарату (өткізу) ерекшеліктерін көрсете отырып жасалады. Осыған байланысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің (бұдан әрі – Кодекс) 802-бабы 1-тармағының 2-тармақшасын басшылыққа ала отырып, әлеуметтік желіде лотерея ойындарын өткізу арқылы қызметті жүзеге асырған жағдайда Кодекстің 445-1 баптың 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылады. Сондай-ақ, Кодекстің 445-1 баптың 7-бөлігіне сәйкес осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – әкімшілік құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кірістер тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – екі жүз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жеті жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір мың, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

    Сұрақ

    Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде ақау болған жағдайда ойын бизнесін ұйымдастырушылардың жауапкершілігі қандай?

    Жауап

    Заңның 15-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес мүліктік өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар, атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның шешімімен Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген адамдарға құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға тыйым салынған . Бұл ретте, Кодекстің 444-бабының 3-бөлігіне сәйкес Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған, мүліктік өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар адамдарға құмар ойындарға және (немесе) ақшаға, заттарға және өзге де құндылықтарға бәс тігуге қатысуға жол беру орта кәсіпкерлік субъектілеріне – үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Кодекстің 444-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайта жасалған әрекеттер лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға алып келеді. Заңнамада жеке тұлғалардың белгіленген тыйымды байқаусыздан бұзуға және ойын бизнесін ұйымдастырушылары тарапынан Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған адамдарды құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға байқаусыздан жол беруді қарастыратын жағдайлар мен ерекшеліктер анықталмаған. Бұл белгіленген жауапкершілік нысанын қоса алғанда, құмар ойындар ұйымдастырушыларының және олардың клиенттерінің іс-әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) туындайтын тәуекелдер мен салдардың бар екендігін куәландырады. Алайда, адами факторға (мұндай адамдарды ойын мекемесінің тексеруші персоналының назарынан тыс қалдыруына) , техникалық сипаттағы мән-жайларға (мемлекеттік ақпараттық жүйелердің дұрыс жұмыс істемеуі, сол сияқты олардың техникалық себептер бойынша қолжетімсіздігі, интернетке қолжетімділіктің болмауы) және өзге де объективті себептерге байланысты (мысалы, ойын мекемесіне салдарын түсінуімен бару немесе ойынға қатысу мақсатында клиенттің мәліметтерді қасақана жасыруы) мұндай бұзушылықты құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушылар тарапынан да, ойын бизнесін ұйымдастырушылар тарапынан да жоққа шығаруға болмайды. Мұндай жағдайлар туындаған кезде ойын бизнесін ұйымдастырушылар жоғарыда аталған жауапкершіліктен босатылмайды, ол бойынша шара әрбір жағдайда жеке қаралады, оның ішінде әкімшілік іс жүргізу шеңберінде және азаматтық-құқықтық тәртіппен өзге адамдардың қатысуы ескеріле отырып айқындалатын болады. Сонымен қатар Кәсіпкерлік кодекстің 10-бабының 3-бөлігіне сәйкес мемлекеттік органдарда бар және кәсіпкерлік субъектілеріне қажетті ақпарат, егер оны пайдалану Қазақстан Республикасының заңдарымен шектелмесе, қолжетімді болуға тиіс. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, мұндай ақпарат тегін беріледі. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңның 9-бабы 2-тармағының 1), 2) және 8) тармақшаларына сәйкес ақпарат иеленуші ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге, қол жеткізуді қамтамасыз етуге қажетті ұйымдастырушылық-техникалық және басқа да жағдайларды өз өкілеттіктері шегінде қамтамасыз етуге, сонымен қатар ақпарат қамтылған интернет-ресурстардың іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті. Осыған байланысты, әкімшілік және (немесе) азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде даулар туындаған жағдайда сақтық шараларын қолдану мақсатында (мысалы, осындай даулар бойынша қолданылған әкімшілік жазаға дауласу кезінде немесе бәс тігуге рұқсат беруден бас тартуға байланысты клиент келіспеушілік/наразылық білдірген кезде) , жеке тұлғада құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға тыйым салу фактісін анықтау мүмкін болмаған жағдайда техникалық сипаттағы мән-жайлардың туындауына байланысты (интернеттің болмауы, Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне қолжетімділіктің болмауы, ақпараттық жүйенің дұрыс жұмыс істемеу себептері бойынша) ойын бизнесін ұйымдастырушы көрсетілген себептерді техникалық іркіліс актісін жасау, уәкілетті мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерін техникалық қолдау қызметтеріне және (немесе) ойын мекемесіне интернетке қолжетімділік беретін компанияға техникалық ақаулардың туындағаны туралы жазбаша өтініш жасау жолымен, фото- және (немесе) бейнежазбалар түсіру, ақпараттық жүйелердің ақаулығы туралы куәландыратын скриншоттар және техникалық ақаулар фактілерін толық және сенімді растайтын басқа материалдарды жинау арқылы бекітуге құқылы. Ойын бизнесін ұйымдастырушы жеке тұлғаның сауалнамалық деректерін Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тексеруге мүмкіндік болмаған жағдайда техникалық актіде техникалық ақаулық пен проблеманың орнын, күнін, жасалу уақытын, актінің нөмірін, қысқаша сипаттамасын, актіні жасаған адамдардың (кемінде үш адам) және тіркелетін жеке тұлғаның қолтаңбасын көрсету ұсынылады, сондай-ақ, мұндай актінің жасалған күнінен бастап 3 (үш) жыл ішінде ойын мекемесінде сақталуын қамтамасыз ету қажет. Жеке тұлғаны құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға жол беру немесе жол бермеу туралы одан әрі шешімді құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге әлеуетті немесе қазіргі қатысушымен дау шеңберінде осыған байланысты тәуекелдер мен салдарды, оның ішінде әкімшілік немесе азаматтық-құқықтық жауапкершілікке байланысты салдарды, ойын бизнесін ұйымдастырушы өз бетінше қабылдайды.

    Сұрақ

    Егер азамат Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде бар болса, құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатыса алады ма?

    Жауап

    «Ойын бизнесі туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң) 15 - бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес мүліктік өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар, атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және осы саладағы қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізген адамдардың қатысуына тыйым салынған. Толығырақ түсіндірмелер келесі сілтеме бойынша қолжетімді: www.gov.kz/memleket/entities/tsm/documents/details/736004?lang=ru

    Сұрақ

    Заңнаманың жаңа талаптарын ескере отырып, лотерея билеттері қалай таратылады және оларды сату нүктелері қалай орналастырылады?

    Жауап

    «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заңның 12-1-бабының 4-тармағына сәйкес: 1) көппәтерлі тұрғын үйлерде, жатақханаларда; 2) білім беру ұйымдарында және олардан бір жүз метр радиуста; 3) денсаулық сақтау ұйымдарында және олардан бір жүз метр радиуста; 4) ғибадат ғимараттарында (құрылысжайларында); 5) мәдениет ұйымдары орналасқан жеке тұрған ғимараттар мен құрылысжайларда лотерея билеттерін таратуға, ал лотерея терминалдарын орнатуға болмайды. Аталған нормалар құмар ойындарға тәуелділіктен зардап шегетін тұлғалардың, 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастардың денсаулығын қорғауға бағытталған. Толығырақ түсіндірмелер келесі сілтеме бойынша қолжетімді: www.gov.kz/memleket/entities/tsm/documents/details/710230?lang=ru

    Сұрақ

    Букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалау, сондай-ақ құмар ойындар мен бәс тігулер жарнамасы бар SMS-хабарламаларға тыйым салу бөлігінде заңнамада қандай шектеулер көзделген?

    Жауап

    «Жарнама туралы» Заңның 13-бабының 1-3-тармағында букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға шектеулер қаралған, атап айтқанда: - букмекерлік кеңсе және (немесе) тотализатор орналасқан жерді қоспағанда, сыртқы (көрнекі) жарнамаға тыйым салу; - көлік құралдарында жарнамаға тыйым салу; - масс-медиа саласындағы уәкілетті органда тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарында спорт тақырыбы бағытындағы, сондай-ақ отандық телеарналардың халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляциялау кезіндегі жарнаманы қоспағанда, масс-медиада, кино-, бейне- және анықтамалық қызметтер көрсетуде жарнамалауға тыйым салу; Бұл ретте, «Жарнама туралы» Заңның көрсетілген бабының 1-5 тармақшасына сәйкес букмекерлік кеңселердің және (немесе) тотализаторлардың жарнамасында букмекерлік кеңсенің және (немесе) тотализатордың тек атауы, тауар белгісінің элементтері, орналасқан жері, интернет-ресурсы (ол болған кезде), букмекерлік кеңсе және (немесе) тотализатор қызметімен айналысуға арналған лицензияның берілген күні, қолданылу мерзімі мен нөмірі қамтылуы мүмкін. Сондай-ақ, «Байланыс туралы» Заңның 40-бабының 1-5-тармағымен байланыс операторларына электрондық казиноның, интернет-казиноның, құмар ойындар мен бәс тігу жарнамасы бар мәтіндік хабарламаларды тарату бойынша қызметтер көрсетуге тыйым салынған. Осы мәселе бойынша толығырақ түсіндірулер Туризм және спорт министрлігінің ресми интернет-ресурсында келесі сілтеме бойынша қолжетімді: www.gov.kz/memleket/entities/tsm/documents/details/720891?lang=ru

    Сұрақ

    Борышкерлердің бірыңғай тізіліміндегі тұлғаларды құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға жол берген жағдайда, ойын бизнесін ұйымдастырушылар үшін қандай жауапкершілік қарастырылған?

    Жауап

    «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 444-бабының 3-бөлігіне сәйкес Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген адамдарды ақшаға, заттарға және өзге де құндылықтарға құмар ойындарға қатысуға және (немесе) бәс тігуге жол беру орта кәсіпкерлік субъектілеріне – үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.