ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеу Астана қаласы, Родниковая көшесі, 1/1 мекенжайы бойынша өткізіледі. Байланыс нөмірлері 8 (7172 69- 52- 85, 69-52-96). Тестілеу төлемақысын кез келген екінші деңгейлі банктен немесе (cabinet.testcenter.kz) онлайн түрде төлеуіңізге болады. Төлем үшін деректемелерді «Хабарландыру» немесе «Байланыс» беттерінен жүктеп алуға болады.
ҚАЗТЕСТ – ҚР Үкіметінің арнайы тапсырмасымен 2006 жылы Ұлттық тестілеу орталығының базасында құрылып, ҚР азаматтары мен ел аумағындағы шетел азаматтарының қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалайтын, стандартталған әдіснамасы мен бағалау технологиясы қалыптасқан ұлттық жүйе.
ҚАЗТЕСТ кең спектрлі, өйткені әр сала мамандарының тілдік білім-дағдыларын тәуелсіз бағалайды. Бұл жүйе негізінде ересек тұрғындарға арналған үлгілік оқу бағдарламасы, 5 деңгейлік оқулығы және лексикалық минимумдары әзірленіп, еліміздің 111 мемлекеттік тілді оқыту орталығында бірізді пайдалануда.
ҚАЗТЕСТ - халықаралық тілдік білімді бағалау жүйелерінің, атап айтсақ, TOEFL, IELTS (ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі), TÖMER (түрік тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі), ТРКИ (орыс тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі) сияқты жүйелердің қағидаттары мен талаптарына негізделген, азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың отандық жүйесі.
ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Қазтест жүйесі мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін арттырудың негізгі көрсеткішін іске асыру тетігі ретінде анықталған.
Осыған сәйкес мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік қызмет көрсететін мекеме қызметкерлері мен ұлттық компания қызметкерлері жыл сайын Қазтест тестілеуінен өтуде.
ҚАЗТЕСТ жүйесі 17 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді, осы уақыт аралығында жарты миллионға жуық азамат, соның ішінде 15 жыл ішінде 21 082 «Болашақ» үміткері тестілеуден өтті. Тілші ғалымдар, әдіскерлер, тестология саласының мамандары жүйеде 200 мыңнан астам тест тапсырмаларының қорын әзірлеп, қолданысқа енгізді.
Ал «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша сертификаттық тестілеуден «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиясына (В1 деңгейінен кем емес), «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ қызметкерлері (А1-ден С1 деңгейіне жету), мемлекеттік әкімшілік қызметінің «А» корпусының кадрлық резервіне (А2 деңгейінен кем емес), ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясына (А2 деңгейінен кем емес), Президенттік жастар кадрлық резервіне (В1 деңгейінен кем емес), ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының магистратура және докторантурасына (В1 деңгейінен кем емес), ҚР жоғары оқу орындарының докторантурасына түсуші үміткерлер (А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлері) өтуге міндетті болып табылады.