Шетелде тегін емделуге жолдаманы қалай алуға болады?

    almobl-densaulyk

    almobl-densaulyk·
    Сұрақ

    Шетелде тегін емделуге жолдаманы қалай алуға болады?

    Жауап

    Шетелде емделу үшін емханаға жүгіну қажет, онда емдеуші дәрігер жолдама беру қажеттілігін бағалайды. Егер Қазақстанда емдеу мүмкіндігі болмаса, құжаттар Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Республикалық комиссияға жіберіледі. Комиссия мақұлдаған жағдайда, пациентке квота беріледі және ол шетелдік клиникаға емделуге жіберіледі.

    Ұқсас материалдар

    Сұрақ

    Әйел жүктілігі бойынша қандай мерзімде тіркелуі керек

    Жауап

    "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 81-бабына сәйкес жүкті әйелдер жүктіліктің он екі аптасына дейін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызмет көрсету үшін тіркелген жерінде медициналық тіркеуге тұруға және жүктілік кезінде, босану кезінде және босанғаннан кейін дәрігердің ұсынымдарын орындауға міндетті.

    almobl-densaulyk·
    Сұрақ

    Басқа қаладан келген адамдарға емханадан уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ашу тәртібі?

    Жауап

    Уақытша еңбекке жарамсыздық парағы емдеуге жатқызылған жағдайда - ауруханаға жатқызылған күнінен бастап, амбулаториялық жағдайда - тіркелген жері бойынша (басқа қаладан келген адам - емдеу орны бойынша) амбулаториялық көмек көрсететін медициналық ұйымда, жарақат бөліміне және жедел жәрдем қызметіне қабылданған күні көрсетілген медициналық ұйымдарға тіркелгенін растайтын анықтамалар негізінде беріледі. Басқа қаладан келген адам, көрсеткіштер болған жағдайда уақытша еңбекке жарамсыздық парағын алуға құқығы бар.

    almobl-densaulyk·
    Сұрақ

    Алматы облысында тұратын, алайда Алматы қаласында тіркелген азамат, тұрғылықты жері бойынша емханаға қалай тіркеле алады?

    Жауап

    Егер адам Алматы қаласында тіркелген болса, алайда Алматы облысында тұрса, онда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2024 жылғы 9 қыркүйектегі № 677 "Халықты тіркеу ережелерін бекіту туралы" бұйрығына сәйкес тұрғылықты жері өзгерген кезде, жаңа тұрғылықты жеріне келген күннен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде уақытша тұру үшін уәкілетті органға құжат тапсырады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына (емханаларға) жеке тұлғаларды бекіту медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы бойынша жақын маңдағы орналасқан емханаға, тұрақты немесе уақытша тұратын жері бойынша жүзеге асырылады. Жоғарыда көрсетілген ережелерге сәйкес, азамат тұрғылықты жерінің емханасына өз бетінше немесе «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өтініш беру арқылы тіркеле алады.

    almobl-densaulyk·
    Сұрақ

    Қазақстан Республикасында тіркелмеген және Қазақстан ұлттық дәрілік формулярына енгізілмеген дәрілік заттар мен тіркелмеген медициналық бұйымдарды нақты пациенттің өмірлік көрсеткіштері бойынша медициналық көмек көрсету не сирек (орфандық) аурулары және (немесе) жай-күйі бар пациенттердің шектеулі контингентіне медициналық көмек көрсету үшін қолданудың тәртібі қандай?

    Жауап

    Орфандық аурулары бар науқастар жергілікті бюджет қаражаты және «Қазақстан халқына» қоры арқылы қамтамасыз етіледі. Мұндай жағдайлар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылғы 31 желтоқсандағы № ҚР ДСМ142 Бұйрығы аясында бекітілген «Республикада тіркелмеген дәрі-дәрмектер мен медициналық құралдарды нақты науқастың өмірлік көрсеткіштері бойынша немесе сирек (орфандық) аурулары бар шектеулі науқастар тобын емдеу үшін қолдану ережелері» арқылы реттеледі. Жүгіну және келісу тәртібі: Тіркелмеген дәрі-дәрмек немесе медициналық құрал қолданғысы келетін медициналық ұйым жергілікті денсаулық сақтау басқармасына негізделген хат жолдайды, онда аурудың сипаты (мысалы, сирек немесе өмірге қауіп төндіретін жағдай), қажетті науқастар саны, препарат немесе құрал көлемі көрсетіледі. Қажет болған жағдайда иммунобиологиялық құралдар санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға жауапты органмен қосымша келісіліп бекітіледі. Денсаулық сақтау басқармасы мақұлдағаннан кейін тіркелмеген препарат немесе құрал «Дәрі-дәрмектер мен медициналық құралдарды импорттау-экспорттау ережелеріне» сәйкес әкелінеді. Пациентті ақпараттандыру және келісім алу: Тіркелмеген дәрі-дәрмекті тағайындайтын дәрігер пациентті (немесе заңды өкілдерін) оның мүмкін пайдасы мен тәуекелдері, қауіпсіздігі, күтілетін тиімділігі және баламалы емдеу нұсқалары туралы толық хабардар етуге міндетті. Пациенттің немесе оның өкілдерінің жазбаша хабардар келісімі қажет. Кәмелетке толмағандар немесе сот шешімі бойынша заңсыз деп танылған адамдар үшін келісім заңды өкілдері арқылы беріледі. Егер заңды өкілдер жоқ болса — шешімді дәрігерлік комиссия (консилиум) қабылдайды. Шұғыл жағдайларда (мысалы, пациент комада болса, өз еркін білдіре алмайтын жағдайда) алдын ала келісімсіз қолдануға рұқсат беріледі, бірақ кейін медициналық ұйым басшылығын хабардар ету қажет. Бақылау және тексеру: Сатып алу жүргізілгеннен кейін дәрі-дәрмектер медициналық ұйымдарға жеткізіледі. Кәсіптік-құқықтық медициналық фармацевтикалық департамент (ҚҚМФД) барлық нормалар мен стандарттардың сақталуын тексеріп, берілетін дәрі-дәрмектердің сапасын бақылауды жүзеге асырады.

    almobl-densaulyk·
    Сұрақ

    Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын жарақтандыру бойынша іс-шаралар қалай жүзеге асырылады?

    Жауап

    Медициналық ұйымдарда жарақтандыруды жоспарлау Қажетті медициналық жабдықтармен жарақтандыру үшін медициналық техникаға қажеттілік өтінімін қалыптастырады Денсаулық сақтау басқармасына бекітілгеннен кейін денсаулық сақтау басқармасы мен денсаулық сақтау министрлігі Бірыңғай дистрибьютор мен медициналық ұйымдардың сатып алу рәсімін жүргізу үшін жібереді. Бақылау және тексеру. Бірыңғай дистрибьютор сатып алғаннан кейін медициналық техниканы жеткізушілер медициналық ұйымдар бойынша жеткізеді, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бақылауын жүзеге асырады, барлық нормалар мен стандарттардың сақталуын тексереді, сондай-ақ ұсынылатын медициналық техниканың сапасын бақылайды.

    almobl-densaulyk·
    Сұрақ

    Емханада тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектер болмаған жағдайда оларды қалай алуға болады?

    Жауап

    Емханада Сізге тиесілі дәрі-дәрмектер болмаса, келесі әрекеттерді жасауға кеңес береміз: Дәріхана пунктінің меңгерушісіне немесе медициналық ұйым басшылығына дәрігердің тағайындауы бойынша дәрі-дәрмектерді беру туралы жазбаша өтінішпен жүгініңіз. Медициналық ұйым дәрінің жоқ болу себептері мен жеткізу мерзімдері туралы түсініктеме беруге міндетті. Өзіңізді «кешіктірілген қамтамасыз ету» журналына (немесе электронды реестрге) енгізуді талап етіңіз, бұл дәрінің емхана қоймасына келген соң дереу берілуін қамтамасыз етеді. Егер емхана тарапынан жауап болмаса немесе қамтамасыз ету мерзімі бұзылса, келесі мәліметтерді көрсетіп Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасына жүгініңіз: толық аты-жөні, ЖСН, дәрінің атауы және емхананың атауын көрсете отырып, өтінішті беруге болады: – eGov электронды үкімет порталы арқылы; – жеке келіп немесе хат жолдау арқылы. Қажет болған жағдайда Денсаулық сақтау басқармасы тексеру жүргізеді және емханаға Сізге қажетті дәрі-дәрмектерді қамтамасыз етуге тиісті тапсырмалар береді. Денсаулық сақтау басқармасы тегін дәрі-дәрмектердің уақтылы берілуін бақылап, пациенттердің құқықтары бұзылған жағдайда шаралар қолданады.

    almobl-densaulyk·
    Сұрақ

    Тегін дәрілік заттарды қалай алуға болады?

    Жауап

    Тегін дәрі-дәрмектерді алу үшін пациент өзінің тұрғылықты жері бойынша емханада диспансерлік есепке тұруы қажет. Дәрі-дәрмек алу тәртібі: Дәрігердің тағайындауы бойынша рецепт беріледі және рецепт бойынша тегін дәрі-дәрмектер беріледі. Рецепт алу тәртібі: Емханадағы өзіңіздің учаскелік немесе профильдік дәрігеріңізге барыңыз. Дәрігер тегін дәрі-дәрмектерге рецепт береді — қағаз немесе электронды түрде, поликлиника жүйесіне байланысты. Дәрі-дәрмекті дәріханадан алу тәртібі: Рецепт пен жеке куәлігіңізді алып, тегін дәрі-дәрмектер бағдарламасына қатысатын дәріханаға барыңыз. Кейбір дәріханаларда рецепттің QR-кодын қолдануға болады: «Әлеуметтік әмиян» қосымшасы арқылы пациент QR көрсетеді, оны сканерлейді және дәріні қағазсыз алады. Электрондық жүйе жоқ дәріханаларда қағаз рецепт қажет болуы мүмкін.

    almobl-densaulyk·
    Сұрақ

    Тегін дәрі-дәрмектермен аурудың қандай түрлерімен ауыратын науқастар қамтамасыз етіледі ?

    Жауап

    Қазақстан Республикасында белгілі бір аурулары бар азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін (немесе жеңілдікпен) дәрілік заттарды алуға құқылы. Диспансерлік есепте тұрған пациенттер келесі аурулар бойынша тегін дәрі-дәрмектерді ала алады: қант диабеті, онкологиялық аурулар, гемофилия, эпилепсия, тыныс алу органдарының аурулары, туберкулез, жүйке жүйесі аурулары, өкпе гипертензиясы, ишемиялық жүрек ауруы, жүректің созылмалы жеткіліксіздігі, бронхиалды астма, вирусты гепатит, Крон ауруы, ойық жаралы колит, асқазан және 12 елі ішектің ойық жарасы, жедел лейкоз, аутоиммунды аурулар, қантсыз диабет, гипотиреоз, акромегалия, гипофизарлық нанизм, мукополисахаридоз, муковисцидоз, ювенильді артрит, ревматоидты артрит, жүйелі қызыл жегі, склероздың шашыранды түрі. Пациент диспансерлік есепке қойылып, дәрігерден рецепт алуы тиіс, содан кейін дәрі-дәрмектерді ТМККК немесе МӘМС бойынша қызмет көрсететін дәріханадан ала алады.

    almobl-densaulyk·
    gov.5n.kz

    Ашық деректер мен ресми дереккөздердің жарияланымдарын талдаймыз. Материалдар жылдам іздеу және мониторинг үшін бір лентаға жиналған.

    © 2026 gov.5n.kz. Мемлекет туралы ақпараттық-талдамалық портал.