Басқа мемлекеттерде білім алған тұлғалардың білім туралы құжаттарын тану тәртібі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 12 маусымдағы № 268 бұйрығымен бекітілген білім туралы құжаттарды тану қағидаларымен (бұдан әрі – Қағидалар) айқындалған.
Аталған Қағидалардың 9-тармағында шетелдік білім беру ұйымдарында берген білім туралы құжаттардың иегерлері Қазақстан Республикасында кәсіби қызметке қол жеткізу немесе оқуды жалғастыру мақсатында тану рәсімінен өтуі тиістілігі белгіленген.
Қазақстан Республикасының азаматы шетелдік білім беру ұйымынан берілген білім туралы құжатымен Қазақстанның аумағында кәсіби қызметке қол жеткізуі немесе оқуды жалғастыруы үшін Қағидаларға сәйкес белгіленген тәртіппен білім туралы құжатын тану рәсімінен өтуі қажет.
Қағидалардың 9-тармағына сәйкес, құжаттарды тануға басқа мемлекеттерде және халықаралық немесе шетелдік білім беру ұйымдары, оның ішінде олардың филиалдары, сондай-ақ ғылыми орталықтар мен зертханаларда білім алған жеке адамдардың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі туралы құжаттар жатады.
Тану рәсімінен өту үшін қажетті құжаттар тізімі Қағидалардың қосымшасында («Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттарды тану» мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі) нақты көрсетілген.
«Білім туралы құжаттарды тану» мемлекеттік қызметін Жоғары білім беруді дамытудың ұлттық орталығы жүзеге асырады. Толық ақпаратты https://enic-kazakhstan.kz ресми сайтынан немесе 87172 57-20-83, 57-20-86 байланыс нөмірлері арқылы алуға болады.