УСҚ ашу үшін Қазақстан Республикасына бірқатар рәсімдерді орындау және қолданыстағы кеден заңнамасына сәйкес белгілі бір талаптарға сай болу қажет. Қызметті жүзеге асыру барысында бірқатар талаптарды сақтау, УСҚ-дағы тауарлардың есебін жүргізу және олар бойынша кеден органына есеп беру қажет.
Уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу шарттары:
1. Уақытша сақтау қоймасының иесі ретінде қызметті жүзеге асыруға үміткер заңды тұлғаны уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу шарттары мыналар болып табылады:
1) уақытша сақтау қоймасы ретінде пайдалануға арналған және мынадай талаптарға сәйкес келетін құрылысжайлардың, үй-жайлардың (үй-жайлар бөліктерінің) және (немесе) ашық алаңдардың меншікте, шаруашылық жүргізуде, жедел басқаруда немесе жалға алынған болуы:
тәулік бойы режимінде жұмыс істейтін, мемлекеттік кірістер органының нақты уақыт режимінде бейнеақпаратты қарауға қашықтықтан қол жеткізуіне, уақытша сақтау қоймасының аумағында күнтізбелік отыз күн ішінде болған оқиғалар туралы бейнеақпаратты жинақтауға және қарауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бейнебайқау құралдарымен жабдықталған, көлік құралдарының (кедендік бақылауға жататын құжаттар, тауарлар мен көлік құралдары тұрған) уақытша сақтау қоймасының аумағына кіруін және аумақтан шығуын, адамдардың уақытша сақтау қоймасының аумағына және (немесе) үй-жайларға кіруін және уақытша сақтау қоймасының аумағынан және (немесе) үй-жайлардан шығуын бақылау жүйелерінің болуы;
қажетті тиеу-түсіру механизмдерін иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығын растау не тиеу-түсіру механизмдерін пайдаланумен байланысты көрсетілетін қызметтерді ұсынатын тұлғамен шарттың болуы;
орналастырылатын тауарлар мен көлік құралдарының сипатына сәйкес келетін сертификатталған таразы жабдығын иелену, пайдалану және (немесе) оған билік ету құқығын растау, ал арнаулы сақтау орындарына газ орналастырылған жағдайда – тиісті есепке алу аспаптарының болуы;
техникалық жарамды кіреберіс жолдарының болуы;
электр жарығымен жарақтандырылған және тәулік бойы режимде жұмыс істейтін, мемлекеттік кірістер органының нақты уақыт режимінде бейнеақпаратты қарауға қашықтықтан қол жеткізуіне, күнтізбелік отыз күн ішінде бейнеақпаратты жинақтауға және қарауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бейнебайқау құралдарымен жабдықталған, тауарларды жете тексеруге арналған орындардың, оның ішінде жабық алаңдардың болуы. Бұл ретте жете тексеру орны периметрі бойынша сары түсті бояумен немесе жабысқақ таспамен белгіленуге және бейнебайқау құралдарына көрінбей қалатын аймақтар (учаскелер) болмауға тиіс;
аумақта қойма қызметіне қатысы жоқ ғимараттар (құрылыстар) мен құрылысжайлар орналаспауға тиіс;
табиғи жолмен шыққан ағашты-бұталы және шөптесін өсімдіктер өскен аумақ учаскелерін қоспағанда, жапсарлас тиеу-түсіру алаңдарын қоса алғанда, аумақ осы Кодекстің 404-бабының 5-тармағына сәйкес белгіленуге және оның бетон, асфальт не өзге де қатты төсемі болуға тиіс;
2) басқа тұлғалардың сақтауда тұрған тауарларына зиян келтіру немесе басқа тұлғалармен жасалған сақтау шарттарының өзге талаптарын бұзу салдарынан басталуы мүмкін уақытша сақтау қоймасы иесінің азаматтық жауапкершілігінің тәуекелін шартта белгіленетін сақтандыру сомасына сақтандыру шартының болуы;
3) аумақтық кеден органына өтініш берілген күнге кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу бойынша белгіленген мерзімде орындалмаған міндеттің болмауы;
4) аумақтық кеден органына өтініш берілген күнге дейінгі бір жыл ішінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 521, 528, 532, 533, 534, 539, 540, 555 және 558-баптарына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тарту фактілерінің болмауы;
5) электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесін пайдалану туралы шарттың (келісімнің) болуы.
6) уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізілуге үміткер заңды тұлғалардың басшылары болып табылатын жеке тұлғаларда 1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190, 192-1, 193, 209, 213, 214, 218, 233, 233-1, 250, 259, 311 және 312-баптары бойынша, сондай-ақ 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214, 216, 218, 234, 235-1, 236, 245, 255, 256, 286, 297, 366 және 367-баптары бойынша өтелмеген сотталғандықтың болмауы.
Егер уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу туралы өтініш берілген күнге құрылысжайлар, үй-жайлар (үй-жайлардың бөліктері) және (немесе) ашық алаңдар жалға алынған болса, мұндай құрылысжайларға, үй-жайларға (үй-жайлардың бөліктеріне) және (немесе) ашық алаңдарға қатысты жалға алу шарты кемінде бір жыл мерзімге жасалуға тиіс.
Уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу туралы өтінішті заңды тұлға қызмет аймағында уақытша сақтау қоймасы құрылатын аумақтық кеден органына сақтандырушының интернет-ресурсын және (немесе) басқа да ұйымдардың интернет-ресурстарын пайдалана отырып, электрондық нысанда жасалатын уақытша сақтау қоймасы иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шартын қоса бере отырып, кеден органдарының ақпараттық жүйесі арқылы береді.
Қызмет аймағында уақытша сақтау қоймасы құрылатын аумақтық кеден органы өтінішті аумақтық кеден органында тіркелген күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.
Қосымша талаптар «Уақытша кедендік бақылау аймақтары, уақытша сақтау орындары және бажсыз сауда дүкендерінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 23 ақпандағы № 280 бұйрығымен бекітілген.
Уақытша сақтау қоймасы, ашық және жабық типті кеден қоймасы, еркін қойма ретінде пайдалануға арналған немесе пайдаланылатын құрылысжайларды, үй-жайлар (үй-жайлардың бөліктерін) және (немесе) ашық алаңдар (бұдан әрі – Қоймалар):
тауарлардың сақталуын және тауарларға қатысты өкілеттіліктері жоқ Қойма қызметкерлері болып табылмайтын не осындай өкілеттіктері бар тұлғалардың өкілі болып табылмайтын оларға бөгде тұлғалардың рұқсатының болмауын;
осы тауарларға қатысты кедендік бақылау жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз етуге орналастырылады, жайластырылады және жабдықталады.
Қойма ретінде пайдалануға арналған құрылысжайлар, үй-жайлар және (немесе) ашық алаңдар кедендік бақылауда тұрған көлік құралдарын және тауарларды тұраққа қою үшін жабдықталған қатты төсемі бар (асфальт, бетон не өзге де қатты төсем) қорғалатын аумақ болып табылады.
Қатты төсемі болуы керек деген талаптар еркін қоймалардың аумағына таратылмайды.
Қоймалардың орналасқан жеріне (еркін қоймалардан басқа), жайластырылуына және жабдықталуына мынадай талаптар қойылады:
1) көлік түріне байланысты техникалық жарамды кіреберіс жолдарының болуы;
2) орналастырылатын жүктердің сипатына сай келетін қажетті тиеу-түсіру механизмдерінің болуы не тиеу-түсіру механизмдерін пайдаланумен байланысты қызметтерді ұсынатын тұлғамен шарттың болуы;
3) қоймалардың барлық периметрлері бойынша үздіксіз қоршаудың болуы;
4) бақылау-өткізу пункттерінің болуы;
5) бақылау камералары тәулік бойы жазатын функциясы бар және күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде болған оқиғалар туралы жазба деректерді көруге мүмкіндік беретін бейнебақылау құралдарымен периметрді жарақтандырылуы (алаңы 10 (он) мың шаршы метрден асатын еркін қоймалардан басқа);
6) қойылатын тауар және көлік құралдардің түрлеріне сәйкес сертификатталған салмақ өлшеуіш құралдарының болуы, ал газды арнайы сақтау орындарға қойған кезде – сәйкестендірілген есепке алу приборлары;
7) Қоймада тұрған тауарлар туралы есептілікте қамтылған мәліметтерді облыстар, республикалық маңызы бар қалалары және астана бойынша аумақтық мемлекеттік кірістер органдарына электрондық түрде беру және Қоймадағы тауарларды шығару туралы мәліметтерді аумақтық органдардан электрондық түрде алу мүмкіндігін қамтамасыз ету.
Бұдан әрі, кеден органының қызметкері Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеру жүргізуге арналған нұсқаманы күні мен уақытын көрсете отырып, жоғарыда көрсетілген шарттарға сәйкестігі тұрғысынан жібереді. Тексеру жүргізілгеннен кейін тізілімге енгізу шарттарына сәйкестігі не сәйкестігі туралы кедендік тексеру актісін жасайды.
2025 жылғы 10 ақпаннан бастап «Уақытша сақтау орындары иелерінің тізіліміне енгізу» мемлекеттік қызметін көрсету, сондай-ақ қызметін тоқтата тұру, қайта бастау, тізілімнен шығару, сондай-ақ тізілімге енгізу кезінде мәлімделген мәліметтерді өзгерту "Keden" ақпараттық жүйесі ( http://keden.kgd.gov.kz)арқылы жүзеге асырылады.
Қызметті тоқтата тұру шарттары, тізілімнен шығару, сондай-ақ уақытша сақтау қоймасы иесінің міндеттері Кодекстің 505, 506 және 507-баптарында белгіленген.
Кеден заңнамасы бойынша консультацияны сіз қызмет аймағында уақытша сақтау қоймасын ашу жоспарланып отырған Мемлекеттік кірістер департаментінен ала аласыз.
|