|
Қазақстан Республикасында өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау «Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі - Заң) реттеледі.
Өзіндік ерекшелігі бар тауарлар – қосарланған және әскери мақсаттағы тауарлар, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бақыланатын тауарлар (Заңның 1-бабы 1-тармағының 14) тармақшасы).
Өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың тізбесі «Өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың бақылау тізімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 9 маусымдағы № 424 бұйрығымен (бұдан әрі – Бақылау тізімі) бекітілген.
Заңның 10-бабының 1-тармағына сәйкес тауарларға (оның ішінде бағдарламалық қамтылым мен технологияларға) қатысты экспортты, кері экспортты, импортты, транзитті жүзеге асыруға не эксаумақтық делдалдық қызметтер немесе техникалық көмек көрсетуге ниет білдірген Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары бақылау тізіміне сәйкес оларға сәйкестендіру жүргізуге міндетті.
Бақылау тізімінің 4-тармағында белгілі бір өнімді қосарлы және әскери мақсаттағы өнімдерге сәйкестендіру және ара қатынасын белгілеу жөніндегі шешім аталған тізімнің бақылауға алынған өнімінің техникалық параметрлерімен айқындалады.
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі (бұдан әрі - Өнеркәсіп министрлігі) өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау саласындағы уәкілетті орган және лицензиар орган болып табылады.
Бақылау тізіміне сәйкес біржақты сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайларда Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына шетелдік тұлғалар өзіндік ерекшелігі бар тауарларды сәйкестендіру туралы қорытынды алу үшін Өнеркәсіп министрлігіне жүгіне алады.
«Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды сәйкестендіру туралы қорытынды беру» мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі және оған құжаттар тізбесі «Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бірдейлендіруді жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 10 шілдедегі № 394 бұйрығымен регламенттеледі. |