«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына Үлгілік біліктілік талаптарында жұмыс өтілінің жалпы жиынтығы не деп түсініледі
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарынаҮлгілік біліктілік талаптарына сәйкес жұмыс өтілі ретінде: 1) мемлекеттік лауазымдардағы - мемлекеттік саяси лауазымдардағы жұмыс өтілі, мемлекеттік әкімшілік лауазымдардағы жұмыс өтілі, құқық қорғау немесе арнайы мемлекеттік органдардың лауазымдарындағы жұмыс өтілі, Қарулы күштер немесе әскери оқу орындардағы, әскери қызмет өтілі; 2) Қазақстан Республикасының Конституциясында, конституциялық заңдарында немесе өзге де заңнамалық актiлерiнде олар үшiн өзгеше құқықтық мәртебе айқындалған өзге де лауазымдардағы – соттар (оның ішінде Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының) лауазымындағы жұмыс өтілі, Парламент депутаттары, тұрақты негізде жұмыс істейтін маслихат депутаттарының жұмыс өтілі; 3) тиісті санаттағы нақты лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес келетін салаларда - ұйымдарда, оның ішінде орта, ірі кәсіпкерлік субъектілерінде, квазимемлекеттік секторда (оның ішінде республикалық және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерде), халықаралық, шетелдік немесе трансұлттық ұйымдардағы, шетелдік мемлекеттік құрылымдардағы (бұдан әрі – ұйым) жұмыс өтілі танылады. Тиісті санаттағы нақты лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес салаларда жұмыс өтілін айқындау Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес кандидаттың еңбек қызметін растайтын құжаттар негізінде жүзеге асырылады (шетелдік, трансұлттық ұйымдардың немесе шетелдік мемлекеттік құрылымдардың жұмыс өтілі де өзге құжаттармен расталуы мүмкін). Жалпы жиынтық жұмыс өтілі тармақшалардың біреуі бойынша жұмыс өтілі жеткіліксіз болған кезде ескеріледі. Мысалы, егер Сізде мемлекеттік лауазымдарда жұмыс өтілі жеткіліксіз болса, оған лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес келетін халықаралық, шетелдік немесе трансұлттық ұйымдардағы, шетелдік мемлекеттік құрылымдардағы жұмыс өтілі қосылуы мүмкін.