Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 30.11.2020ж. № 114 қаулысымен бекітілген Банктерді таратуды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының қызметін мәжбүрлеп тоқтату қағидаларының және қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, мәжбүрлеп таратылатын банктердің тарату комиссияларының жұмысына қойылатын талаптардың 139-тармағына сәйкес (бұдан әрі - №114 Қағидалар) дебиторлық берешекті сот тәртібімен өндіріп алу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Осылайша, тарату комиссиясы дебитордың банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамауына байланысты таратылатын банктің дебиторынан берешек сомасын өндіріп алу туралы соттарға жүгінеді.
Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 7-бабының бесінші бөлігіне сәйкес соттың азаматтық іс бойынша шешімдерін тек тиісті соттар АПК-да көзделген тәртіппен тексере алатыны және қайта қарай алатынына назар аударамыз.
АПК-нің 21-бабының екінші бөлігінде заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ сот төрелігін жүргізу кезінде соттар мен судьялардың өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары және басқа да өтініштері барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, азаматтар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жатады деп көзделген.
АПК-нің 22-бабына сәйкес іске қатысатын адамдар, сондай-ақ сот өздерінің құқықтары мен міндеттеріне қатысты сот актілерін шығарған адамдар осы Кодексте белгіленген тәртіппен сот актілеріне шағым жасауы мүмкін.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 1-бабы 1-тармағының бесінші бөлігіне сәйкес, сот iсiн қарау тәртiбiмен қаралуға тиiс өтiнiштердi, арыздар мен шағымдарды басқа ешқандай органның, лауазымды немесе өзге де адамдардың қарауына немесе бақылауға алуына болмайды.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сот құқықтық баға берген мәселелерге араласуға құқығы жоқ.
Сонымен қатар, егер сот талқылауы процесінде немесе атқарушылық
іс жүргізу шеңберінде бітімгершілік рәсімдерді қолдана отырып, дауды реттеу туралы өтінішхат берілсе, тарату комиссиясы медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен татуласу келісімін немесе дауды (жанжалды) реттеу туралы келісімді (бұдан әрі – келісім) жасасу мүмкіндігін қарауы мүмкін. Келісім шеңберінде берешекті өтеу мерзімі ай сайынғы тең төлемдермен:
- жеке тұлғалар үшін 30 айды;
- заңды тұлғалар үшін 24 айды құрайды.
Келісім №114 қағидаларда көзделген талаптар сақталған кезде жасалады және банктің кредиторлар комитетімен келісілуге тиіс. Банктің кредиторлар комитеті келісімнің талаптарын келіскеннен кейін ол Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа бекітуге беріледі (№114 қағидалардың 141-тармағы).