2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін шетелдік азаматтарға ЖСН беру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында ЖСН-ды ҚР 100 шетелдік мекемесінде алуға болады. ЖСН шектеулі санаттағы тұлғаларға ғана беріледі:
1. Әлеуетті инвесторлар.
2. Өнімдерді таңбалау және қадағалау аясындағы тауар айналымына қатысушылар (соның ішінде https://markirovka.ismet.kz порталында тіркелу және цифрлық таңбалау үшін жұмыс жүргізу кезінде).
3. Қазақстан Республикасының азаматымен некеде тұрған шетелдік азаматтар (АХАЖ ақпараттық жүйесінде азаматтық хал актілерін тіркеу жазбасын рәсімдеу үшін).
4. Кәмелетке толмаған шетелдік азаматтар (16 жасқа дейін), егер ата-анасының бірі Қазақстан Республикасының азаматы болса.
5. Қазақстан Республикасының аумағында мұрагерлік құқық алатын шетелдік азаматтар.
6. Digital Nomad Residency және Digital Nomad Visa бағдарламаларының әлеуетті қатысушылары.
7. Мүгедектігі анықталған шетелдік азаматтар.
8. 65 жасқа толған шетелдік азаматтар.
9. Өсімдіктерді қорғау құралдарын (пестицидтер) өндірушілер мен тіркеушілер, олар өнімді мемлекеттік тіркеуден өткізу үшін «e-license» порталы арқылы өтінім береді.
10. Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген заңды тұлғалардың, сондай-ақ олардың филиалдары мен (немесе) өкілдіктерінің басшылары болып табылатын шетелдік азаматтар.
ЖСН алу үшін шетелдік азамат консулдық бөлімге өзі келіп мынадай құжаттарды ұсынуы қажет:
1. белгіленген үлгідегі өтініш;
2. төлқұжаттың түпнұсқасы және көшірмесі;
3. тиісті санатқа байланысты қосымша құжаттар (инвестициялық келісімшарт, неке куәлігі, мұрагерлік құжаттар, IT саласындағы диплом, мүгедектік туралы анықтама және т.б.). |