Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің 2023 жылғы 5 қыркүйектегі № 05-08/1461 хатына сәйкес «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 30 маусымдағы Заңы бойынша Қызылорда обысында экологиялық апат және экологиялық дағдарыс аймақтары бар.
Аталған Заңға сәйкес осы аймақтарда тұратын және бұрын тұрған азаматтарға жеңілдіктер қарастырылғаны белгілі. Осындай жеңілдіктерді алу үшін экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтардың мәртебесін растайтын «анықтама» талап етілетіні мәлім. Дегенмен, азаматтарға бұндай анықтамаларды беру үшін заңда негіз жоқ.
Осы мәселе бойынша Департамент жанындағы мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының 2022 жылдың 5 мамырында өткен отырысында облыстағы сұранысқа ие «анықтама» беру қызметін мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіміне енгізу немесе оны мүлдем қолданыстан алып тастау мәселесі қаралған болатын.
Мүдделі мемлекеттік органдармен зерделей келе, Департамент төмендегідей тұжырымдамаға келді.
Заңның 9-тармағына сәйкес экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгіленген тәртіппен тұратын жері және экологиялық қасірет аймағындағы бұрынғы тұрған жері бойынша жүзеге асырылады.
Осыған орай, аталған жұмыстарды орындау үшін Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылғы 17 желтоқсандағы № 1057 қаулысы қабылданып, зардап шеккен азаматтарды тіркеу жұмыстары тапсырмаға сәйкес 1993 жылғы 1 шілдеге дейін аяқталған.
Бүгінгі таңда, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен Заңның 9-тармағы тек декларативті түрде қалып отырғаны және оны алып тастау шаралары орын алатыны хабарланды.
Сонымен бірге, Заң нормаларына сәйкес экологиялық қасірет аймағында тұратын халыққа Заңда көрсетілген әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну үшін арнайы анықтама талап етілмейді. Аталған Заңда мұндай анықтама беру белгіленбеген.
Яғни, Заңда көзделген жеңілдіктерді алу үшін экологиялық қасірет аймақтарында тұрғандығын растайтын (мысалы, еңбек қызметін жүзеге асыру) фактісі жеткілікті болып табылады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес анықтама беру және оны мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне енгізу үшін заңды негіздер жоқ екенін хабарлайды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің 06.03.2017 жылғы №8-8-5-62/8-2894-И санды нұсқауына сай Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты тұрғылықты жер , уақытша тұратын жері бойынша тіркеу ІІМ-нің «Халықты құжаттандыру және тіркеу», «Тіркеу пункті» ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде жүзеге асыралады және нақты уақыт режімінде «Жеке тұлғалар» мемлекеттің деректер базасына (ЖТ «МДБ» (әкімшісі – Әділет министрлігі) жолданады.