Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII ҚРЗ Әлеуметтік Кодексіне (бұдан әрі - Кодекс) сәйкес мемлекеттік Атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі - АӘК) - жан басына шаққандағы орташа айлық кірісі облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға (отбасыларға) мемлекет беретін көмек.
Кодекстің 120, 121, 122-баптарына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, босқындарға, шетелдіктерге және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға көрсетіледі. Адамдардың (отбасылардың) атаулы әлеуметтік көмекке шартсыз ақшалай көмек немесе шартты ақшалай көмек түрінде құқығы бар.
Шартсыз ақшалай көмек:
1) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі жалғызбасты және (немесе) жалғыз тұратын кірісі аз адамдарға:
Кодекстің 207-бабы 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толуына, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігіне, екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін ауруының болуына байланысты;
2) құрамында еңбекке қабілетті адамдары жоқ немесе еңбекке қабілетті жалғыз мүшесі үш жасқа дейінгі балаға, мүгедектігі бар балаға, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамға, бөгденің күтіміне және көмегіне мұқтаж қартқа күтімді жүзеге асыратын кірісі аз отбасыларға көрсетіледі.
Шартты ақшалай көмек жалғызбасты және (немесе) жалғыз тұратын кірісі аз еңбекке қабілетті адамдарға, сондай-ақ отбасы құрамында еңбекке қабілетті мүшесі (мүшелері) бар кірісі аз отбасыларға ол (олар) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысқан жағдайда және (немесе) қажет болғанда әлеуметтік бейімдеу кезінде көрсетіледі.
Әлеуметтік келісімшарт жасасу шартты ақшалай көмек тағайындаудың міндетті талабы болып табылады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 181 бұйрығымен бекітілген АӘК алуға үміткер адамдарға (отбасына) жиынтық табысты есептеу қағидаларының негізінде АӘК есептеу кезінде еңбекақы, кәсіпкерлік қызмет, әлеуметтік төлемдер, балаларға алимент және басқа да кірістер түрінде алынған кірістер ескеріледі.
«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 21 маусымдағы № 227 бұйрығының 2-тарауының 4-тармағына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адам (отбасы) атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібі туралы ақпарат алу үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына, ал тұрғылықты жері бойынша мансап орталығы болмаған жағдайда - кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жүгінеді.
Атаулы әлеуметтік көмек туралы толық ақпарат алу үшін, атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адам (отбасы) Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 9 мекенжайында орналасқан Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ Астана қаласының Мансап орталығына жүгіну қажет.
Азаматтар АӘК тағайындауға өтінішті «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы «Электрондық өтініш» бөлімі арқылы беруге немесе Астана қаласы Бейбітшілік-9 көшесі мекенжайында орналасқан «Мансап орталығына» хабарласуға болатынын хабарлаймыз.