Қайырымдылық саласында құрметті атаққа кім ие бола алады?
Қайырымдылық саласындағы құрметті атақты министрлік қолданыстағы ережелерге сәйкес (Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2022 жылғы 12 қыркүйектегі № 383 Бұйрығы) конкурстық негізде береді. Құрметті атақ келесі бағыттар бойынша беріледі: - шағын Отанды дамытуға және қолдауға бағытталған ірі әлеуметтік жобаларды іске асыру; - аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, ерекше қажеттіліктері бар балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған/өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға, халықтың әлеуметтік осал топтарына, ҰОС ардагерлеріне, зейнеткерлерге өтеусіз көмек көрсету; - Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, қандастарға, сондай-ақ төтенше жағдайлардан зардап шеккен аумақтарға көмек көрсету; - Қазақстан Республикасының медициналық мекемелерінде және (немесе) шетелде шұғыл ақылы емделуге мұқтаж жеке тұлғаларға қайырымдылық көмек көрсету; - ғылым, инновация, білім, мәдениет, өнер, спорт саласында қайырымдылық көмек көрсету, сондай-ақ қоғамның тарихи және этномәдени игілігін сақтауға көмектесу; - жануарларға қайырымдылық көмек көрсету; - кәсіпкерлік субъектілерінің корпоративтік қайырымдылықты дамытуы. Құрметті атақ беру Комиссия шешімінің негізінде жүзеге асырылады. Комиссия мүдделі мемлекеттік органдардың, ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, сарапшылар және Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары қатарынан қалыптастырылады. Құрметті атақтар беруге ұсынымдарды қабылдау туралы хабарландыруды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тиісті жылдың 1 маусымынан кешіктірмей ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми Интернет-ресурсында және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында орналастырады. Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне жыл сайын 1 шілдені қоса алғанда мынадай тәсілдердің бірімен береді: 1) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы және (немесе) ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңсесі арқылы қолма-қол қағаз және электрондық жеткізгіштерде (DOC, DOCX, PDF форматындағы CD-дискілерде не USB-флэш-жинақтағыштарда); 2) хабарландыруда көрсетілген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің электрондық мекенжайына (PDF форматында). Конкурсқа қатысу үшін (қайырымдылық саласындағы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі өтінімдерді қабылдауды бастағанын жариялағаннан кейін) Жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік органдар Қағидаларда бекітілген нысан бойынша ұсынымдарды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне жібереді. Комиссияның құрметті атақ беруге үміткерді бекіту туралы шешімі комиссия отырысында ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылданады. Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді және оған қатысып отырған Комиссия мүшелері 3 жұмыс күні ішінде қол қояды. Құрметті атаққа ие болған адамдарға «Қайырымдық үшін» төсбелгісі тапсырылады.