Есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдарды қолдаудың жалпы жүйесі
Есту қабілеті нашар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен (ОТҚ) және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету АОЖБ (абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы) негізінде жүргізіледі. АОЖБ-ны медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) әзірлейді.
Есту қабілеті төмен мүгедектігі бар азаматтар қандай көмек түрлерін ала алады
Тізбесі АОЖБ-да әзірленген көмек түрлеріне байланысты. Әдетте, есту қабілеті нашар адамдарға келесі көмектер ұсынылады:
Оңалтудың техникалық құралдары (ОТҚ)
- есту аппараттары;
- көп функциялы сигнал жүйесі;
- МӘС ұсынымы бойынша мәтiндiк хабар беретін және хабарды қабылдайтын мобильді телефон және т.б.
Мысал: Егер АОЖБ-да «есту аппаратымен қамтамасыз ету» көрсетілсе, онда ол ауыстыру мерзіміне сәйкес 4 жылдан ерте берілмейді.
Әлеуметтік қызметтер (Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы)
2021 жылдан бастап ОТҚ және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету Әлеуметтік қызметтер порталы https://aleumet.egov.kz/ арқылы жүзеге асырылады, онда қажетті жеткізушіні Өзіңіз таңдайсыз.
Санаторий-курорттық емделу
Тек дәрігер және ДКК (дәрігерлік-консультациялық комиссиясының) жолдамасында көрсетілген медициналық көрсетілімдер болған жағдайда беріледі. Санаторийлік-курорттық емделу күнтізбелік жылда бір реттен артық емес он төрт тәуліктен аспайтын мерзімге беріледі.
Қажетті оңалту құралы мен қызметтерді қалай алуға болады
1) Медициналық-әлеуметтік сараптамадан (МӘС) өту
Негіз — емханадағы дәрігерлік-консультациялық комиссиясының (ДКК) жолдамасы
МӘС Сізге тиісті құралдар мен қызметтер көрсетілген АОЖБ әзірлейді.
2) Өтініш беру тәсілдері
- ХҚКО (Халыққа қызмет көрсету орталығы) арқылы;
- тұрғылықты мекен-жайы бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы;
- eGov электрондық үкімет порталы арқылы;
- ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқылы.
Қажетті құжаттар:
- жеке куәлік;
- мүгедектік туралы анықтама;
- АОЖБ
Құжаттарды тапсырғаннан кейін
- ХҚКО-да (Халыққа қызмет көрсету орталығы) қолхат беріледі
- тұрғылықты мекен-жайы бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде – тіркеу күні бар талон беріледі.
Әрі қарай маман Сіздің өтінішіңізді Әлеуметтік қызметтер порталына жолдайды.
Жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік көмегі
Әлеуметтік көмек қалалар мен аудандар мәслихаттарының сессия шешімдерімен бекітілген «Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін айқындау және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін белгілеу қағидаларына» сәйкес көрсетіледі.
Әлеуметтік көмектің мөлшерін әрбір нақты жағдайда арнайы комиссия айқындап, әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.
Қағидаларға сәйкес әлеуметтік көмек қаржы жылы ішінде бір рет көрсетіледі.
Құқықтық негізі:
Әлеуметтік көмек көрсету қағидалары және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарын айқындау Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 «Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін айқындау және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін белгілеудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес әзірленіп, облыстың қала және аудан мәслихаттарының сессия шешімдерімен бекітілген.
Әлеуметтік көмек алу үшін қажет құжаттар:
Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алу мақсатында өтініш беруші өзі немесе отбасы атынан әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға өтінішпен бірге келесі құжаттарды ұсынады:
1.Жеке басын куәландыратын құжат (дара тұлғаны сәйкестендіру үшін);
2.Тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер;
3.Мұқтаждық санатына жататын негіздерді растайтын құжат:
жергілікті өкілді органдар белгілеген, ең төменгі күнкөріс деңгейіне қатысты белгіленген шектен аспайтын орташа жан басына шаққандағы табыстың бар екендігін растайтын құжат.
Өмір бойы мүгедектік белгіленгеннен кейін не өзгерді
Өмір бойғы мүгедектік ОТҚ және қызметтермен қамтамасыз етуді жоймайды. Тек Сізге жыл сайын МӘС-дан өтудің қажеті жоқтығын білдіреді.
Маңызды: қамтамасыз ету мүгедектік мерзіміне емес, сіздің АОЖБ-да көрсетілген көмек түрлеріне байланысты. Егер онда ешқандай құрал болмаса, сіз дәрігерге барып, ДКК-дан өтіп, АОЖБ-ны қайта қарау мәселесін көтересіз.