Иә, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге келген педагогтер «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй несиесін ала алады.
Бұл мақсатта аудан орталықтарында тұрғын үй сатып алуға 2 500 АЕК (2025 жылы – 9 830 000 теңге) және ауылдық елді мекендерде 2 000 АЕК (2025 жылы – 7 864 000 теңге) көлемінде бюджет несиесі 15 жыл мерзімге жылдық 1% сыйақы мөлшерлемесімен беріледі.
Бюджеттік несие мен көтерме жәрдемақыны алу үшін негізгі шарт – ауылдық елді мекенде орналасқан ұйымдарда кемінде 3 жыл жұмыс істеу жөніндегі міндеттемені қабылдау болып табылады.
«Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында мемлекеттік қолдаудың осы түрлерін алу үшін үміткер қалаған ауылдық елді мекендегі сұранысқа ие мамандықтар тізбесіне сәйкес бос жұмыс орнына орналасуы қажет.
Жұмысқа орналасқаннан кейін «Отбасы банк» АҚ порталы (https://otbasybank.kz/) арқылы келесі құжаттарды электрондық форматта тапсыру керек:
Ережелердің 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш;
Жеке басын куәландыратын құжат;
Білім туралы дипломның көшірмесі;
Жұмыс орнындағы кадр бөлімі растаған еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі;
Некеде тұрған жағдайда неке қию туралы куәлік;
Кредиттік бюродан алынған есеп.
Әлеуметтік қолдау шараларын аудандық экономика және қаржы бөлімдері (немесе экономика және бюджет жоспарлау бөлімдері) жүзеге асырады.
Тіркеу мекенжайы жұмыс орны орналасқан елді мекенмен сәйкес болуы тиіс.
Әлеуметтік қолдау шараларын ұсынудан бас тарту келесі жағдайларда мүмкін:
- Сіз ұсынған құжаттар мен олардағы мәліметтердің жалғандығы анықталған жағдайда;
- Жақын туыстардан тұрғын үй сатып алу кезінде;
- Соттың заңды күшіне енген шешімі (үкімі) негізінде белгілі бір қызмет түрлерін атқаруға тыйым салынған немесе мемлекеттік қызмет алу құқығынан айырылған жағдайда;
- «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңының 18-бабының 8-тармағына сай келмеу жағдайында;
- «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» ҚР Заңының 8-бабына сәйкес жеке деректерге қол жеткізуге келісім берілмеген жағдайда;
- Бұрын берілген несиелер бойынша өтелмеген мерзімі өткен берешек болған немесе соңғы 2 жылда 90 күннен астам кешіктірілген төлемдері бар жағдайда.
Мемлекеттік қолдау шараларын алу шарттары жөнінде қосымша кеңес алу үшін жұмыс орны бойынша қалалық немесе аудандық экономика және қаржы бөліміне (немесе экономика және бюджет жоспарлау бөліміне) жүгінуге болады.
Мысал:
Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі жоғары оқу орнын аяқтаған соң Өскемен қаласынан аудан орталығы – Қайсенов кентіне көшіп келіп, жергілікті мектепке жұмысқа орналасты.
Еңбек шартын жасасқаннан және Қайсенов кентінде тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелгеннен кейін ол «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша тұрғын үй несиесін алу үшін «Отбасы банк» порталы арқылы өтініш берді.
Аудан әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі арқылы оған 15 жыл мерзімге жылдық 1% мөлшерлемемен 9,83 млн теңге көлемінде несие мақұлданып, 100 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы төленді.