Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – ҚР АК) 167-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес, сенімхат деп бір тұлғаның (сенім білдірушінің) өз атынан өкілдік ету үшін басқа бір тұлғаға (сенім білдірілген тұлғаға) беретін жазбаша өкілеттігі танылады.
Мүлікті басқаруға және нотариаттық куәландыруды талап ететін мәмілелерді жасауға арналған сенімхат, егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, нотариаттық тәртіппен куәландырылуға тиіс.
ҚР АК-нің 167-бабының 6-тармағына сәйкес, заңды тұлға атынан берілетін сенімхатқа оның басшысы немесе құрылтай құжаттарымен уәкілеттік берілген өзге тұлға қол қояды және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мөрі болуы міндетті болған жағдайда, осы ұйымның мөрімен куәландырылады.
Сонымен қатар, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 51-1-бабының 1-тармағына сәйкес, мүлік иелерінің бірлестігінің төрағасы пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері қатарынан жалпы жиналыста үш жыл мерзімге сайланады және үй кеңесінің мүшесі болып табылады.
Мүлік иелерінің бірлестігінің төрағасы ретінде пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың меншік иесінің отбасы мүшелері, атап айтқанда: жұбайы (зайыбы), ортақ немесе жұбайлардың бірінің балалары (оның ішінде асырап алынған балалар), ата-анасы және жұбайының (зайыбының) ата-анасы, сондай-ақ пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың меншік иесімен тұрақты тұратын балаларының отбасылары сайлануы мүмкін.
Аталған Заң нормасынан мүлік иелерінің бірлестігінің төрағасының өкілеттіктері тікелей өзі арқылы жүзеге асырылатыны, ал сенімхат арқылы өз құқықтары мен міндеттерін басқа тұлғаға беруіне немесе мүлік иелерінің бірлестігі төрағасының міндетін атқарушыны тағайындауға Заңда жол берілмейтіні туындайды.