Сирек және сирек жер металдарының (бұдан әрі – СМ және СЖМ) кен орындарын зерттеу және олардың негізінде әлемде сұранысқа ие өнімдерді шығару Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуының басым бағыттары болып табылады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 100-ден астам СМ және СЖМ кен орындары анықталған. Елде қайта зерттеу және өндіру үшін ең тартымды СМ және СЖМ кен орындарына келесілер жатады: Курумсақ, Бала-Саусқандық, Ақбулак, Құндыбай, Верхнее-Эспе, Мойынқұм, Ақдала, Талайрык, Меловое, Томақ, Тайбоғар, Тасмұрын.
Жоғары технологиялық секторлардың экономикадағы сұранысының артуы мен әлемдегі геосаяси жағдайлардың әсерінен Қазақстанның СМ және СЖМ саласына қызығушылық айтарлықтай артты.
Қазақстанда сирек металдардың ерекше тобын сирек таралған және сирек жер элементтері құрайды, олар өз кен орындарын қалыптастырмайды, бірақ Қазақстанның түрлі кен орындарындағы рудаларда спутник элементтер ретінде кездеседі және кешенді қайта өңдеу кезінде алынуы мүмкін. Уран, түсті, қара және асыл металдар кен орындарында мемлекеттік балансқа келесі қосымша элементтер енгізілген: селен, теллур, германий, галлий, индий, таллий, висмут, гафний, скандий, кадмий, рений, осмий, иттрий.
Қазіргі уақытта Қазақстан әлемдік нарықтарға бериллий, тантал, ниобий, рений сияқты сирек металдардың шағын топтарын сату бойынша маңызды жеткізушілердің бірі болып табылады. Бұл металдар көбінесе балқытылған күйде, бұйымдар мен ұнтақ түрінде экспортталады.
Қазақстан сирек металдардың шикізат базасымен қамтамасыз етілген, оның ішінде вольфрам – 2,4 млн тонна баланс қоры, молибден – 1 млн тонна, литий – 226,8 мың тонна, тантал – 4,5 мың тонна, ниобий – 28,0 мың тонна, бериллий – 70,6 мың тонна және басқалары бар.