Әдістемелік ұсынымдар шеңберінде әуежайлар, порттар, теміржол вокзалдары, теміржол станциялары, Метрополитен станциялары, автовокзалдар, автостанциялар, физикалық-географиялық және Қазақстан Республикасының аумағындағы мемлекет меншігіндегі басқа да объектілер, мемлекеттік заңды тұлғалар, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар объектілер болып табылады.
Объектілерге атау беру және оларды қайта атау кезінде:
1)объектілерге Қазақстан тарихында ерекше маңызы бар, жалпыға бірдей белгілі және халық құрмет тұтатын ұлы тұлғалардың, көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлерінің, жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталған ғылым және мәдениет қайраткерлерінің, сондай-ақ ерекше еңбегі бар тұлғалардың есімдерін беру;
2)білім беру, мәдениет және спорт ұйымдары болып табылатын Объектілерге есімдер беру кезінде (әсіресе тарихи тұлғаның есімін беру кезінде) мекеменің перспективасын ескеру (оны жабу жоспарланбайды ма, жалпы білім беретін білім беру ұйымы болып табылады ма, шағын жинақталған білім беру ұйымы болып табылмайды ма);
3) мәдениет, білім, спорт және басқа салалардағы объектілерге атау беру және оларды қайта атау кезінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары Республикалық ономастика комиссиясының (бұдан әрі – Республикалық ономастика комиссиясы) қарауына жіберілгенге дейін мәселені тиісті салаға жетекшілік ететін мүдделі мемлекеттік органдармен (Мәдениет және ақпарат министрлігі,Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және тағы басқалар)алдынала келісу.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2022 жылғы 28 ақпандағы № 61 бұйрығымен Облыстық ономастика комиссиялары және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссиялары туралы Үлгілік ережеге осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес келтіру бөлігінде, облыстық ономастика комиссиялары мен Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссияларының ережелерін одан әрі түзете отырып, тиісті түзетулер енгізу мәселесін қарау ұсынылады;
4) білім беру, мәдениет, спорт және басқа да салалардағы Объектілерге тұлғалардың есімдерін беру кезінде салалық қағидатты ұстану (мысалы, білім беру саласындағы объектіге осы салаға еңбегі сіңген тұлғаның, мәдениет мекемесіне мәдениет саласына үлес қосқан қайраткерлердің есімдерін беру және тағы басқалар);
5) объектілерге тұлғалардың есімдерін беру кезінде Республикалық ономастика комиссиясы мақұлдаған және ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген республикалық «Тарихи тұлғалар» тізімін басшылыққа алу;
6) объектілерге жеке адамдардың есімдерін беру кезінде қазақ есiмiн, әкесiнiң есiмiн және тегiн жазу, сондай-ақ дәстүрлі, тарихи қалыптасқан қазақ есімдерінің мемлекеттік тілде жазылуын қадағалау;
7) объектілерге көзі тірі кісі есімдерінің берілуіне жол бермеу;
8) этимологиялық мәні бар тарихи және дәстүрлі атаулары бар объектілердің атауларын өзгертуге жол бермеу;
9) бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң шегiндегi Объектілерге бiр атауды бiр мәрте ғана беру (атаудың бір мәртелігі);
10) денсаулық сақтау саласындағы (емхана, аурухана және басқа да мекемелер), мектепке дейінгі білім беру объектілеріне, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостанцияларға, тасжолдарға, Астана жеңіл рельсті көлігі (LRT),физикалық-географиялық және басқа да Объектілерге кісі есімдерін беруге жол бермеу;
11) атау беру және қайта атау барысында ұсынылып отырған атаулардың тарихи дереккөздер деректеріне сәйкестігі қағидатын ұстануға және ономастикалық объектілердің тарихи және дәстүрлі атауларын қалпына келтіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу мақсатында әкімдіктер жанынан құрылған жұмыс топтарының сараптамалық қорытындыларына негізделу ұсынылады.