Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» ҚР Кодексінің 5-тарауының ережелеріне сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау Одақ туралы шартқа сәйкес көзделген тауарлардың шығарылған жерін айқындау мақсаттарында және қағидалары бойынша (бұдан әрі – әкелінетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидалары) жүзеге асырылады.
Кедендік-тарифтік реттеу шараларын, тыйым салулар мен шектеулерді, ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану тауарлардың шығарылған жеріне байланысты болатын барлық жағдайларда тауарлардың шығарылған жері расталады.
Тауардың шығарылған жері туралы декларация немесе тауардың шығарылған жері туралы сертификат тауардың шығарылған жері туралы құжаттар болып табылады. Тауардың шығарылған жері әкелінетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидаларына немесе әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидаларына сәйкес тауардың шығарылған жері туралы декларациямен немесе тауардың шығарылған жері туралы сертификатпен расталады.
Уәкілетті орган айқындаған кеден органдары кедендік декларациялау кезінде кедендік операциялар жасалатын уақытты тұлғалардың өтініші бойынша қысқарту мақсатында, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлар кедендік декларацияланғанға дейін осындай тауарлардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімдер (бұдан әрі осы тарауда – тауарлардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімдер) қабылдайды.
Өздеріне қатысты тауарлардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімдер қабылданған тауарларды кедендік декларациялау кезінде олардың шығарылған жері туралы мәліметтер тауарлардың шығарылған жері туралы қабылданған алдын ала шешімдерге сәйкес тауарларға арналған декларацияларда көрсетіледі.