Медициналық-әлеуметтік сараптамаға алғаш рет мүгедектікті белгілеу мақсатында жолдама беру үшін құжаттарды рәсімдеу тәртібі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 260 бұйрығымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларымен реттеледі.
Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің негізі – пациентте ағза функцияларының тұрақты бұзылуы болып, ол тіршілік әрекетінің шектелуіне әкелген жағдайда медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясының (ДКК) жолдамасы болып табылады.
Медициналық ұйым пациентті МӘС-ке жібермес бұрын ауруға, жарақат салдарына немесе ақауларға байланысты ағза функцияларының тұрақты бұзылуының бар екенін растайтын диагностикалық, емдеу және оңалту іс-шараларының кешенін жүргізеді. Медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдау, әдетте, уақытша еңбекке жарамсыздық басталған сәттен бастап немесе балалар мен жұмыс істемейтін адамдарға диагноз қойылғаннан кейін кемінде төрт ай өткен соң жүзеге асырылады. Алайда анатомиялық ақаулар, жазылмайтын аурулар немесе оңалту әлеуеті жоқ айқын функциялық бұзылыстар болған жағдайлар бұған кірмейді.
МӘС-ке жолдау туралы шешімді медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясы қабылдайды және ол № 031/у нысаны бойынша медициналық-әлеуметтік сараптамаға қорытынды ресімдейді.
Жолдамаға амбулаториялық науқастың медициналық картасы, ауру тарихынан үзінділер, бейінді мамандардың қорытындылары, зертханалық және аспаптық зерттеулердің нәтижелері, сондай-ақ қажет болған жағдайда уақытша еңбекке жарамсыздық парағы, еңбек қызметін растайтын құжаттар және қолданыстағы заңнамада көзделген өзге де құжаттар қоса тіркеледі. Қалыптастырылған құжаттар пакеті мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы немесе пациенттің өтініші негізінде оның тұрақты тіркелген жері бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесіне жіберіледі.
Медициналық-әлеуметтік сараптама ұсынылған медициналық құжаттар негізінде, ағза функцияларының бұзылу дәрежесі мен тіршілік әрекетінің шектеулерін бағалау арқылы жүргізіледі. Нәтижесінде мүгедектікті белгілеу немесе белгілемеу туралы сараптамалық қорытынды қабылданады.