Еңбекке жарамсыз парағын қалай алу керек ?
Еңбекке жарамсыз парағын қалай алу үшін : Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 18 қарашадағы № ҚР ДСМ-198/2020 бұйрығымен бекітілген Уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасын жүргізу, сондай-ақ уақытша еңбекке жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беру қағидаларына сәйкес, уақытша еңбекке жарамсыздық парағын (аурухана парағын) алу келесі тәртіппен жүзеге асырылады. Уақытша еңбекке жарамсыздық парағын алу үшін жеке тұлға уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасын жүргізуге лицензиясы бар медициналық ұйымға жүгінеді. Жүгіну медициналық ұйымға тікелей бару арқылы немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық форматта жүзеге асырылуы мүмкін. Жүгінген кезде жеке басын куәландыратын құжатты немесе жеке тұлғаны сәйкестендіру үшін цифрлық құжаттар сервисіндегі электрондық құжатты ұсыну қажет. Жүгінгеннен кейін медицина қызметкері (дәрігер немесе тиісті өкілеттігі бар орта медициналық білімі бар қызметкер) пациентті қарап, оның денсаулық жағдайын, аурудың сипатын, еңбек жағдайларын және басқа да факторларды бағалайды. Қарау нәтижелері негізінде уақытша еңбекке жарамсыздық белгілері анықталып, жұмыстан уақытша босату мерзімі белгіленеді. Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда медицина қызметкері уақытша еңбекке жарамсыздық парағын немесе анықтамасын ресімдеп береді, сондай-ақ келесі дәрігерге қаралу күнін белгілейді және барлық деректерді пациенттің медициналық құжаттамасына міндетті түрде енгізеді. Уақытша еңбекке жарамсыздық парағы еңбекке уақытша қабілетсіздікке әкелетін аурулар немесе жағдайлар болған кезде беріледі, оның ішінде жедел аурулар немесе созылмалы аурулардың асқынуы, жарақаттар мен уланулар, жүктілік және босану, науқас баланы күту, карантин, жүктілікті жасанды үзу, ортопедиялық протездеу, санаторий-курорттық ұйымдарда емделуді жалғастыру және қағидаларда көзделген өзге де жағдайлар. Уақытша еңбекке жарамсыздық парағын беру және ұзарту медицина қызметкерімен пациентті қарағаннан кейін және амбулаториялық немесе стационарлық науқастың медициналық картасына жұмыстан уақытша босатудың қажеттілігін негіздейтін тиісті жазбаларды енгізу арқылы жүзеге асырылады.