Су шаруашылығы комитеті сумен жабдықтау бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау үшін мердігер ұйымдарды қалай таңдайды?
Комитет мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарына сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалуына арналған байқауды электрондық форматта ұйымдастырады және өткізеді. Барлық конкурс рәсімдері тек мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүргізіледі. Байқау туралы хабарландыру ақпараттық жүйеге орналастырылған сәттен бастап, техникалық сипаттама, сметалық құжаттама, сараптамалық қорытындылар және басқа да талап етілген материалдарды қоса алғанда, байқау құжаттарының толық пакеті автоматты түрде жарияланады. Аталған ақпарат барлық әлеуетті жеткізушілерге электрондық түрде қолжетімді болып, қызметкерлердің қатысуынсыз орналастырылады, бұл адам факторының әсерін болдырмайды. Комитет әлеуетті жеткізушілерге жеке хабарламалар, телефон қоңыраулары немесе басқа да бағытталған ақпарат беруді жүргізбейді. Конкурс құжаттарына қол жеткізу барлық қатысушылар үшін мемлекеттік сатып алу порталы арқылы тең дәрежеде қамтамасыз етіледі. Байқау рәсімдері РБС-жүйесі аясында жүзеге асырылады, бұл деректерді орталықтандырылған түрде жүктеуді және сатып алу процесінің барлық кезеңдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Байқау жеңімпазы ақпараттық жүйе арқылы белгіленген критерийлер мен Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарына толық сәйкес автоматты түрде анықталады.