Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде (бұдан әрі – Кодекс) жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу мүмкіндігін шектеу көзделген.
Кодекстің 54-бабына сәйкес, Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 1), 18) 20) және 23) тармақшаларында, 1-1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскердің еңбекке уақытша қабілетсіздігі және демалыста жүрген кезеңінде жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға жол берілмейді.
Жұмыс берушіге жүктілік туралы анықтаманы ұсынған жүктi әйелдермен, үш жасқа дейiнгi балалары бар әйелдермен, он төрт жасқа дейінгі баланы (он сегіз жасқа дейінгі мүгедек баланы) тәрбиелеп отырған жалғызілікті аналармен, аталған балалар санатын анасыз тәрбиелеп отырған өзге де адамдармен Кодекстiң 52-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзуға жол берілмейді.
Тараптардың келісімі бойынша еңбек шарты бұзылған немесе мерзім аяқталғаннан кейін еңбек шарты тоқтатылған кезде мұндай шектеу көзделмейді. Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартының бұзылу күні жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша айқындалады.
Белгіленген мерзімге жасалған еңбек шарты оның мерзімінің аяқталуына байланысты бұзылады.