Жерге орналастыру жобасы қалай дайындалады және бекітіледі?
Жерге орналастыру жобасын бекіту жөніндегі мемлекеттік қызмет Жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобасын бекіту мемлекеттік қызметін облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдары (бұдан әрі – қызмет көрсетуші) жеке немесе заңды тұлғаларға (бұдан әрі – қызмет алушы) көрсетеді. Жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобасын бекітуге арналған өтінішті қабылдау ҚР электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады. 2022 жылғы 3 маусымдағы № 180 Жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобасын жасау қағидаларына сәйкес, жерге орналастыру жобасы – жер учаскесінің сұлбасы (жоспары), жер учаскесінің алаңы, оның шекаралары мен орналасқан жері туралы мәліметтер, іргелес меншік иелері және жер пайдаланушылар туралы мәліметтер, сондай-ақ жер учаскелеріндегі ауыртпалықтар мен сервитуттар туралы мәліметтер. Жерге орналастыру жобасын жасау рәсімі келесі ретпен жүзеге асырылады: дайындық жұмыстары (камералдық және далалық); жерге орналастыру жобасын жасау; жерге орналастыру жобасын қарау және келісу; жерге орналастыру жобасын бекіту. Жерге орналастыру жобасын келісетін мүдделі мемлекеттік органдар мен тиісті қызметтер жер учаскесінің нысаналы мақсатына және рұқсат етілген пайдалануына байланысты уәкілетті органмен айқындалады. Бұл ретте жерге орналастыру жобасын келісу жер учаскесінің нысаналы мақсатына байланысты жер, орман, су заңнамасының, өртке қарсы, санитариялық-гигиеналық, экологиялық, құрылыс және қала құрылысының міндетті нормалары мен қағидаларының сақталуы бөлігінде жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға негіздер болмаған кезде, жерге орналастыру жобасын бекіту туралы бұйрық дайындалады және жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган басшысының ЭЦҚ-сымен қол қойылған электрондық құжат нысанында портал арқылы қызмет алушының жеке кабинетіне жіберіледі. Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға негіздер болған жағдайда, қызмет алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы хабарлама жіберіледі. Онда қызмет алушыға алдын ала шешім бойынша өз ұстанымын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдауды өткізу уақыты мен орны (тәсілі) көрсетіледі. Тыңдау туралы хабарлама мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі. Тыңдау хабарланған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей өткізіледі. Тыңдау нәтижелері бойынша қызмет көрсетуші жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын бекіту туралы не мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту туралы шешім қабылдайды.