Қосылған құн салығы есепке жатқызу әдісімен төленетін импортталатын тауарлар тізбесіне жабдықты қосуға жол беріле ме?
Жаңа Салық кодексінің 508-бабының 1-тармағына және 509-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасында өндірілмейтін импортталатын тауарларға ҚҚС есепке жатқызу әдісімен төлеу көзделген (ҚҚС-тан босатуға ұқсас). Көрсетілген тауарлардың тізбесі және оны қалыптастыру тәртібі «Қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен төленетін импортталатын тауарлардың тізбесін және оны қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы № 1199 қаулысымен бекітілген. ҚҚС есепке жатқызу әдісімен төленетін импортталатын тауарлардың тізбесін қалыптастыру қағидаларының (бұдан әрі – Қағида) 5-тармағына сәйкес ҚҚС есепке жатқызу әдісімен төленетін импортталатын тауарлардың тізбесіне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстарға мынадай мәліметтер қоса беріледі: 1) экономиканың тиісті саласын басқару мәселелері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның тізбені өзгерту және (немесе) толықтыру қажеттілігі және тізбеге қосуға ұсынылып отырған тауарға Қазақстан Республикасының жылдық қажеттілігі (нақты көлемі) туралы; 2) экономиканың тиісті саласын басқару мәселелері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның Қазақстан Республикасының аумағында ұқсас тауарлар өндірісінің жылдық көлемі (нақты көлемі) туралы немесе мұндай өндірістің болмауы туралы; 3) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, тізбеге қосуға ұсынылып отырған тауардың құны (тауардың 1 бірлігіне теңгемен). Осылайша, Қағидаларға сәйкес экономиканың тиісті саласын басқару мәселелері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган ҚҚС есепке жатқызу әдісімен төленетін импортталатын тауарлар тізбесіне толықтырулар енгізуге бастамашылық жасау мүмкіндігі бар. Мысал: «Бета» ЖШС 2026 жылы өндірісті жаңғырту үшін өнеркәсіптік жабдықты (мамандандырылған станок) импорттауды жоспарлап отыр. Бұл жабдық Қазақстан Республикасының аумағында өндірілмейді, құны жоғары (бірлігіне 150 000 000 теңге). Бұл ретте аталған жабдық ҚҚС есепке жатқызу әдісімен төленетін импортталатын тауарлар тізбесіне енгізілмеген. Сұрақ: ҚҚС есепке жатқызу әдісімен төлеу тетігін қолдану үшін осы жабдықты тізбеге қалай қосуға болады? Жауап: «Бета» ЖШС тиісті ұсыныспен салалық министрлікке ( мысалы, өнеркәсіп саласындағы уәкілетті органға) жүгінеді. Уәкілетті орган: ұсынылған деректерді талдайды; отандық өндірістің болмауы; Тізбеге өзгерістер енгізу туралы ұсынысты қалыптастырады және жібереді. Ұлттық экономика министрлігінің келісімін алады және Үкімет қаулысының тиісті жобасын әзірлейді. Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгерістер бекіткеннен кейін жабдық тізбеге енгізіледі.