Тарихи-мәдени мұра объектілерін есепке алу, мәртебе беру шаралары «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Заңына және «Тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтау, есепке алу, мәртебе беру және одан айыру, орнын ауыстыру және өзгерту, жай-күйін мониторингтеу және санатын өзгерту қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2020 жылғы 15 сәуірдегі № 92 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау жөніндегі жұмысты жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етеді.
Тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау археологиялық жұмыстарды жүргізу, жер учаскелерін игеру, археологиялық және тарихи зерттеулер материалдарын зерделеу барысында жүзеге асырылады.
Анықталған тарихи-мәдени мұра объектілері оларды зерттуді қамтамасыз ету мақсатында есепке алуға жатады және тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала есепке алу тізіміне енгізіледі.
Анықталған тарихи-мәдени мұра объектілері олардың мәртебесі туралы түпкілікті шешім қабылданғанға дейін тарих және мәдениет ескерткіштерімен бірдей қорғалуға жатады.
Алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген тарихи-мәдени мұра объектілерін Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізуді не оларды алдын ала есепке алу тізімінен алып тастауды тиісті мемлекеттік органдар тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде олар алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген күннен бастап үш жыл ішінде жүргізеді.