Концерт залын, мәдениет үйін немесе сахналық алаңды жалға алу үшін келесі әрекеттерді орындау қажет:
- Іс-шара өткізілетін алаңды анықтау
Мәдениет нысанын таңдау қажет:
- концерт залы;
- мәдениет үйі;
- мәдениет сарайы;
- филармония;
- театр алаңы;
- өзге де сахналық алаңдар.
Мысалы: концерт, конференция, фестиваль, шығармашылық кеш өткізу.
- Алаңды жалға алу туралы өтініш беру
Мәдениет нысанының теңгерімінде тұрған ұйымға не объект коммуналдық меншікте болған жағдайда облыстың коммуналдық мүлкін басқаруды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органға жүгіну қажет.
Өтініш мәдениет нысаны орналасқан жер бойынша беріледі.
Өтініште мынадай мәліметтерді көрсету ұсынылады:
- іс-шара өтетін күн;
- басталу және аяқталу уақыты;
- іс-шараны өткізу мақсаты;
- қатысушылардың немесе көрермендердің болжамды саны;
- іс-шараның форматы.
- Қажетті құжаттарды ұсыну
Жалдау шартын жасау үшін төмендегі құжаттар талап етілуі мүмкін.
Жеке тұлғалар үшін:
- жеке куәлік;
- байланыс деректері;
- сенімхат (қажет болған жағдайда).
Заңды тұлғалар үшін:
- БСН (бизнес-сәйкестендіру нөмірі);
- құрылтай құжаттары;
- банктік деректемелер;
- өкілдің сенімхаты (қажет болған жағдайда).
Концерттер, фестивальдер, театр қойылымдары, шоу-бағдарламалар және әртістердің қатысуымен не сахналық жабдықтарды пайдалану арқылы өткізілетін өзге де іс-шаралар кезінде қосымша мынадай құжаттар сұратылуы мүмкін:
- сценарийлік жоспар немесе іс-шара бағдарламасы - егер іс-шарада әртістердің өнер көрсетуі, шығармаларды көпшілік алдында орындау, театр қойылымы, концерттік бағдарлама немесе ресми рәсім қарастырылса;
- орындаушылардың, жүргізушілердің немесе қатысушылардың тізімі - егер іс-шараға әртістер, музыкалық ұжымдар, спикерлер, жүргізушілер немесе өзге де шақырылған қатысушылар қатысса;
- техникалық райдер - егер алаңды техникалық дайындауды талап ететін дыбыстық, жарық, мультимедиялық, сахналық немесе өзге де арнайы жабдықтарды пайдалану жоспарланса;
- шетелдік әртістер қатысқан жағдайда ШҚО Ішкі саясат басқармасымен келісу талап етіледі.
Аталған құжаттарды ұсыну қажеттілігі жалдау шартының талаптарына, мәдениет мекемесінің ішкі қағидаларына және объектінің техникалық мүмкіндіктеріне байланысты айқындалады.
- Жалға алу шарттарын келісу
Ұйыммен төмендегі мәселелер келісіледі:
- алаңды пайдалану күні мен уақыты;
- жалдау құны;
- техникалық сүйемелдеу;
- дыбыстық, жарық және сахналық жабдықтарды пайдалану;
- техникалық персоналдың қатысуы.
Қоғамдық тәртіпті, өртке қарсы және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жалдау шартының талаптарына, мәдениет нысанының ішкі қағидаларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес іс-шараның форматына, қатысушылар санына және өткізу ерекшеліктеріне қарай айқындалады.
- Шарт жасау
Өтініш қаралғаннан кейін:
- жалдау (мүліктік жалдау) шарты; немесе
- іс-шараны бірлесіп өткізу туралы шарт жасалады.
Шартқа қол қойылғаннан кейін төлем ресми банктік деректемелер бойынша жүргізіледі.
Өтініш беруші қандай нәтиже алады?
Белгіленген талаптар сақталған жағдайда өтініш беруші келісілген күн мен уақытта сахналық алаңды, мәдениет үйін немесе концерт залын іс-шара өткізу үшін пайдалану құқығын алады.
Мысал
Ұйымдастырушы 300 көрерменге арналған концерт өткізуді жоспарлайды. Ол үшін объект орналасқан жердегі мәдениет үйіне жүгініп, концерт залын жалға алу туралы өтініш береді, іс-шара бағдарламасын ұсынады, жалдау құнын келіседі және шарт жасалғаннан кейін концерт өткізу құқығын алады.
Қосымша ақпарат алу үшін қайда жүгінуге болады?
Сахналық алаңды, мәдениет үйін немесе концерт залын жалға алу мәселелері бойынша:
- объект теңгерімінде тұрған мәдениет ұйымына;
- мәдениет нысаны орналасқан жердегі жергілікті атқарушы органның (әкімдіктің) мәдениет бөліміне немесе мәдениет басқармасына жүгінуге болады.
Өзекті байланыс деректерін тиісті әкімдіктің немесе мәдениет ұйымының ресми интернет-ресурсынан нақтылаған жөн.
Терминдер
Жалдау (мүліктік жалдау) — мүлікті ақы төлеу негізінде шарт бойынша уақытша иеленуге және пайдалануға беру.
Жергілікті атқарушы орган — облыс, қала немесе аудан әкімдігі.
БСН — заңды тұлғаның бизнес-сәйкестендіру нөмірі.
Сахналық алаң — концерттер, спектакльдер, конференциялар және өзге де іс-шаралар өткізуге арналған жабдықталған үй-жай немесе кеңістік.