
Қарағанды облысы, Шет ауданындағы «Талды» тарихи-археологиялық паркінде халықаралық деңгейдегі «Талды – 2026: қола дәуірінен орта ғасырларға дейін» ғылыми-практикалық көшпелі конференциясы табысты өтті. Ғылым мен мәдениетті тоғыстырған маңызды басқосу Қазақстанның бай археологиялық мұрасын зерттеу мен оны халықаралық ғылыми қауымдастыққа таныстыруға арналды.
Конференцияның негізгі назарында соңғы жылдары әлемдік археология ғылымының қызығушылығын тудырған бірегей нысан – «Қаражартас пирамидасы» болды. Ерекше архитектуралық құрылымымен және тарихи құндылығымен ерекшеленетін бұл ескерткіш қола дәуіріндегі Ұлы дала өркениетінің дамуы мен рухани дүниетанымын тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді.
Халықаралық жиынға Қазақстаннан бөлек Венгрия, Германия, Түркия, Ресей Федерациясы және Татарстаннан келген археологтар, тарихшылар, музейтанушылар, реставраторлар мен ғылыми-зерттеу саласының мамандары қатысты. Қатысушылар далалық зерттеулердің нәтижелерімен бөлісіп, археологиялық мұраны сақтау, цифрландыру, реставрациялау және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Конференция аясында шетелдік ғалымдар Талды тарихи-археологиялық кешеніндегі маңызды нысандармен танысып, зерттеу жұмыстарының барысын көзбен көрді. Пікірталастар мен тәжірибе алмасу барысында Қазақстанның археологиялық әлеуеті мен ғылыми мектептерінің жоғары деңгейі ерекше атап өтілді.
«Талды – 2026» конференциясы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын әлемдік деңгейде насихаттауға, археологиялық зерттеулердің жаңа бағыттарын дамытуға және болашақ бірлескен жобалардың негізін қалауға зор үлес қосты. Бұл ауқымды іс-шара Ұлы даланың мыңжылдық тарихын сақтап, келер ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.



