



Биыл бірінші сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2025 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі Орта білім комитетіне сілтеме жасап. ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес, 1-сыныпқа ата-анасының өтініші бойынша балалар 6 жастан бастап қабылданады. Құжаттарды мемлекеттік egov.kz электрондық үкіметі, сондай-ақ қағаз нұсқада 1 сәуір - 31 тамыз аралығында тапсыруға болады. Қазақстан азаматтары үшін Жалпы білім беретін орта мектепке қабылдауға қажетті құжаттар тізімі: 1)ата-ананың немесе заңды өкілінің өтініші; 2) №065-у нысанындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама және №052-2/у нысанындағы баланың денсаулық паспорты; 3)өлшемі 3х4 см сурет (2 дана) Шетел азаматтары үшін: Ата-аналар немесе басқа заңды өкілдер Қазақстанда уақытша немесе тұрақты тұруы керек. Шетелдіктер мектепке Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығы туралы және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы құжаттарды ұсынуы керек. Өтініш демалыс және мереке күндерді қоспағанда, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады. 🧑🧑🧒🧒 Құрметті ата-аналар! Құжаттарды тапсыруды соңғы күндерге қалдырмай, балаңызды мектепке беруді алдын ала ойластыруға шақырамыз!
20 наурыз күні сағат 11:00-де Наурыз мейрамына орай барлық мектептерде республикалық челлендж өтеді. Шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, патриотизмді нығайту, ұлттық мәдени мұраны сақтау және балалар арасында домбыра өнерін насихаттау. «Домбырашылар челленджі – бұл балалар, жастар, педагогтер мен ата-аналардың музыкалық шеберлігін танытатын және бүкіл елді домбыра үнімен біріктіретін ерекше шара. Оған барлық тілек білдіруші қатыса алады. 2023 жылдан бастап челлендж барлық білім беру ұйымдарында ұйымдастырылып келеді және ол маңызды мәдени оқиғаға айналды. Челлендж «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы мен «Наурызнама» іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылады», - дейді тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов. Айта кетейік, Наурыз мейрамын мерекелеу 14-23 наурыз аралығында еліміздің барлық мектептерінде өтеді. Бұл күндері тақырыптық челлендждер, экологиялық акциялар және ұлттық ойындар бойынша жарыстар ұйымдастырылады.