
Алматыда имамдар мен теологтардың бірлескен жұмысының арқасында 245 адам жат діни ағымнан бас тартты. Бұл туралы Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы Айдар Есенбеков хабарлады.
Деструктивтік діни ағымдарды ұстанушылар Қазақстан үшін исламның дәстүрлі бағыты - ханафи мазхабын орындауға шақырылады.
«Бейімдеу жұмыстарының нәтижесінде Орталықтың және Нұр-Мүбарак университетінің дінтанушы мамандары мен қала мешіттері имамдарының бірлескен жұмысының арқасында деструктивті діни ағымдардың 245 өкілі дерадикалдандырылып, олармен бейімдеу жұмыстары жүргізілді»- деді А.Есенбеков.
Оның айтуынша, «Деструктивтік және экстремистік діни ағымдардың радикалды және жалған діни идеологиясына ұшыраған тұлғаларға кеңес беру, профилактикалық және реабилитациялық қызмет көрсету үшін оңалту орталығының қызметін ұйымдастыру және жалғастыру» жобасы шеңберінде 2018 жылы деструктивті діни ағымдардың жетегінде кеткен 1000-ға жуық адаммен жеке әңгімелесу жоспарланып отыр.
Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы ҚАЖК (қылмыстық атқару жүйесі комитеті) мекемелерінде оңалту жұмыстары жүргізіліп жатқандығын және онда 2017 жылға дейін 1113 адамның қатысуымен 49 кездесу (кездесу, дәріс) өткізілгенін атап өтті.



