
Облыс активіне Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Әбдірахым қатысты.
Облыс әкімі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент халықтың әл-ауқатын арттыруға және экономиканың тұрақты өсуін сақтауға бағытталған сайлау алдындағы бағдарламаны іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар бергенін атап өтті. Өз баяндамасында Амандық Баталов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі ілгерілету мақсатында Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмаларына сәйкес тоғыз басымдық бойынша алдағы міндеттерді жіктеп айтып берді. Соның ішінде елді индустрияландыру, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, кәсіпкерлікті өркендету, тұрақты макроэкономикалық ортаны қалыптастыру, бюджет қаржысын пайдаланудың тиімділігін арттыру, өмір сапасын жақсарту, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін нығайту, аймақтарды дамыту, мемлекеттік басқару тиімділігін және мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мәселелеріне ерекше тоқталып, тиісті тапсырмалар берді.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамытудың негізгі басымдықтарын атап көрсетіп, алдымызға үлкен міндеттер қойды. Елбасының бастамасымен қолға алынған ИИД, жұмыспен қамту, тұрғын үй және басқа да салалардағы мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруды одан әрі жалғастырып, іске жаңа серпінмен кірісуді тапсырамын. Сонымен қатар Арыстағы құрылыс нысандарындағы жұмысты сапалы әрі мерзімінде орындауды, істі қарқынды түрде жүргізуді құрылыс басқармасынан талап етемін, - деді А. Баталов.


