
Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс¬түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл тарихи-мәдени мұралар көне тарихтың куәсі, өткенімізден сыр шертіп, бүгінгі күнге дейін сақталып, жетіп отырған ескерткіштерді қорғау мен сақтау, оларды насихаттау әрбір азаматтың еліне, туған жеріне деген жанашырлығы, мәдени мұраларға деген қамқорлығы болмақ.
Ақмола өлкесі тұнып тұрған тарих, ата-бабадан мұраға қалған қазына. Көкше өңірінде кешенді тарихи-этнографиялық жұмыстар жүргізу, тарихи топонимдерді зерттеу және қалпына келтіру аса маңызды міндет болып табылады. Осы ретте Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті Көкшетау техникалық институтының қамқорлығымен Бурабай ауданында Сақ дәуіріне арналған ескерткіштің ашылу салтанаты ұйымдастырылып өткізілді.
Іс-шараға Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, экономика ғылымдарының кандидатыСырлыбаев Марат Кадырұлы;Е.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Археология және этнология кафедрасының профессоры тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Омарұлы Артықбаев; Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының кандидатыСейтқасымов Аманай Асылбайұлы; «Төтенше жағдайлар бойынша Қазақстандық ардагерлер ұйымы» қоғамдық ұйымының Ақмола филалының төрағасы Қарабалин Жанат Сұлтанғалиұлы; төңіректегі елді мекеннің тұрғындары; іс-шара ұйымдастырушылары ҚР ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институтының ұжымы қатысты.
Құттықтау әрі алғы сөз,іс-шараны ұйымдастырушы және қамқорлық жасаушы, Институт бастығы техника ғылымдарының докторы азаматтық қорғау полковнигі Сырым Дүйсенғазыұлы Шәріпханов мырзаға берілді.Өз сөзінде С.Шәріпханов мырза Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік пен құрмет, бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында айтылған ұлттық код болып табылатынын, сонымен қатар әрбір халықтың, әрбір өркениеттің жалпы ұлттық сипатқа ие киелі жерлерінің болуын атап кетті. Ғасырлар бойы Бурабай ауданында әртүрлі көшпенді тайпалар мен халықтар мекендегендіктен бұл жердің тарихы өте бай. Осыған дәлел ретінде сақ кезеңінің көне жерлеуі - «Абақай қыратына»ескерткіш қойылып, ашылу рәсімін өткізіп жатқанына тоқталып кетті.
Жамбыл Омарұлы Артықбаев өңірдің көне тарихын зерттей келе Ақмола облысы аумағында 2 мыңнан астам тарихи-мәдени мұралар барын, олардың 1300-ден астам ескерткіштері археологияға, түрік кезеңі, неолит, палеолит, орта ғасыр және қола ғасыр ескерткіштеріне жататынын атап өтті.Қай халықтың болса да рухани әлеміне саяхат оның көне ескерткіштерімен, тарихи орындарымен танысудан басталатыны мәлім екендігін айтты.
Ескерткіштерді қираудан, бүлінуден сақтау көне заманнан бастап ата-бабаларымыздың алдында тұрған өткір мәселенің бірі болғаны мәлім.Олар мәдени құндылықтардың тоналуы, олардың зақымдануы кез-келген елдің, халықтың тарихын, мәдениетінің күйреуіне, жоюлуына алып келетінін білген. Сол себептен мәдени құндылықтарға қамқоршы бола білген. Көне мұраларға көрсетілген қамқорлық ұрпақтан ұрпаққа жалғасып бүгінгі күні жастарға рухани байлықты сақтауға, патриоттық сезімді тәрбиелеуде үлгі болмақ.







