
Бүгін Белес ауылында "Туған жерге тағзым" бағдарламасы аясында игі дәстүрді жаңғыртқан шара өтті. Белес елге белгілі азамат, "ҚазИИТУ" ғылым-білім кешенінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімовтың туған жері. Туған жеріне тағзым еткен ел ағасы қазақы дәстүрге сай Әмелі есімді шөбересін атасы туған топыраққа аунатып, елдің батасын алды. Меймандарды аудан әкімі Асхат Шахаров бастап жүрді.
Ақсерік Сарыұлының анасы Тұмарша ана алдымен өзінің қара шаңырағына барып, дәм татты. Бақилық болған жандарға құран бағыштап, ұрпағының амандығын тіледі. Ауыл халқы қатысқан салтанатты шарада қонақтар қатарында аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов сөз алып, шараның маңыздылығына тоқталды.
Қашанда елдік іске ұйытқы болып жүретін Ақсерік Сарыұлы ауылдағы 15 көпбалалы отбасыға азық-түлік арқылы қайырымдылық жасады. Сондай-ақ орталық алаңда қазан көтеріліп, ауыл халқына ұлттық тағамдар ұсынылды. Одан әрі шара ұлттық-спорттық ойындарға ұласып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.







