
2020 жылдан бастап көп балалы отбасыларға табысқа қарамастан мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бұл туралы бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан тұрғындарымен өткен семинар кездесуде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов мәлімдеді.
Оның айтуынша аталған мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көп балалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады. Яғни, 4 баласы бар отбасыларға 42 500 теңге, 5 балаға – 53 125 теңге, 6 балаға – 63 750 теңге, 7 және одан да көпбалаларға 74 375 теңге төленеді.
Көпбалалы аналарды қолдауға арналған жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек пен көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы алу жолдарын түсіндіруге арналған жиынды аудан әкімінің орынбасары Рыскелді Әліш ашып, жүргізіп отырды. Семинар барысында Нұржан Нұрашов АӘК жөнінде арнайы баяндама жасап, мемлекеттік бағдарламаның іске асырылу барысын жан-жақты түсіндіріп өтті.
«Ең басты принцип – мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе балалар мен көп балалы отбасыларға көмектеседі. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке – көп балалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакет кіреді», – деді ол өз сөзінде.
Сондай-ақ семинар барысында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қалдира Кизбай мемлекеттік бағдарламаның іске асу тәсілдері туралы сөз етті. Айта кету керек, АӘК табысы аз отбасыларға, соның ішінде көп балалы отбасыларға төленетін болады. Ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ы тағайындаудың шекті критериі болып қала береді. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады. Табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.
Семинарға қатысушы АӘК-ке мұқтаж көпбалалы аналар өз тараптарынан сала мамандарына көкейлерінде жүрген маңызды сұрақтарын қойып,тұшымды жауаптар алды.

