Ұлағатты ұстаздан табиғат жанашырына
Ежелден ата-бабаларымыз адамзатқа, бүкіл тіршілік иелеріне берері мол табиғатты анаға теңеді. Бір кездері адам ақыл-ойының дамуы табиғатты бағындырумен бағаланды. Алып ракеталардың пайда болуы, атом станциялары мен зауыттардың салынуы өмірімізді байыта, жеңілдете түскенімен, ормандардың аяусыз балталануы, аң-құстардың шамадан тыс аулануы, жер бетінің жөн-жосықсыз жыртылуы экологиялық қауіп-қатер туғызды. Осының бәрі экологиялық сананың жеткіліксіздігінен, адамдардың болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін жете сезінбеуінен басталды.
Алғаш экология саласына жұмысқа келгенімде өмір сүріп жүрген ортамыздың біздің қамқорлығымызға аса мұқтаж екенін, әрбір адамды туған жердің табиғатының тағдыры толғандыруы парыз екенін ұқтым.
Шын мәнінде, өмір сүріп жүрген ортамыздың экологиялық ақуалын зерделеу, экологиялық апаттың алдын алу, оны келешек ұрпаққа аман жеткізу үлкен білімді, отан сүйгіштікті талап етеді.
Маңғыстау өңірінде жоғары білімді еселі еңбектері ел аузында жүрген, азамат ретінде халқына, жастарға берері мол нар тұлғалар баршылық.
Соның бірі, Тоқжанов Орынбасар Әбдіұлы, Маңғыстау ауданының Шайыр селосында 1948 жылы 10 қазанда дүниеге келді. 1966 жылы Шахта орта мектебін, ал 1973 жылы Гурьев мемлекеттік педогогикалық институтын аяқтады.
1966 жылы Амангелді атындағы сегіз жылдық мектепте мұғалімдік қызметтен бастап, директорлыққа дейін, одан Маңғыстау облысы білім басқармасы бастығының орынбасары, бастығы лауазымында қызмет атқарды.
Осы қызмет барысында бірнеше мектеп, балабақша, ауыл және теңізшілер клубын аштырып, іске қосты.
Қазақстан тәуелсіздік алып, қиындығы мол жылдары Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының Ақтау филиалын ашуға тікелей жұмыс жасады. Филиал бір жылдан соң Ақтау политехникалық институтына қосылып, мемлекеттік университетке айналды.
2003-2016 жылдары Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды, қазір басқармада келісімшартпен қызметін жалғастыруда.
Осы кезеңде өлкенің экологиялық проблемаларын шешуге атсалысты.
Оның ұйымдастыруымен Маңғыстау өлкесіндегі «Ақотты», «Мүлкаман», «Кіндікті» жерлерінде 1969-1970 жылдары жер астында жүргізілген ядролық жарылыстың жер бетіндегі зардаптары 2006-2007 жылдары жойылды. 2004-2009 жылдары «Каспий аймақтық таукен комбинатынан» шыққан үран өндірісінің радиоактивтік қалдықтармен ластанған 40-тан астам учаскелері тазаланды, «Кошкар-Ата» қалдық қоймасындағы 20,3 га радиациялық аса қауіпті участоктар темірбетон саркофагпен жабылып, жалпы ауданы 65 га жер залалсыздандырылды.
Оның бастамасымен және ұйымдастыруымен «Экологиялық зерттеу зертханасы» мен «Жасыл Әлем» МКК-дары құрылды. Зертхана өлкенің, оның ішінде Каспий теңізі жағалауының экологиялық жағдайын зерттеумен айналысатын облыстағы бірден бір мемлекеттік мекеме болды. Ал «Жасыл Әлем» мекемесі жұмыстарының нәтижесінде бұрын мүлдем жасалмаған зерттеу жұмыстары жолға қойылып, арнаулы жобалар жасақталып, құм көшкінінен зардап шеккен елді мекендер қауіптен азат етілді.
Атап айтқанда облысымыздың ірі құм массивтерінің жер асты су көздерінің игерілуі, құм массивтерінің қысы-жазы жайылым ретінде пайдаланылуы, және де жергілікті тұрғындардың орман ресурстарын отын ретінде пайдалануы құм сілімдерінің көшуіне әкелді. Мұндай жағдай Қарақия ауданындағы «Түйесу», Маңғыстау ауданындағы «Бостанқұм» және «Қызылқұм» құм массивтерінде көрініс алды.
Орынбасар Әбдіұлын қоршаған ортаның құлдырауы, тұрғылықты халыққа төнген қауіп бей-жай қалдырмады. Маңғыстаудың шөлейтті даласындағы құм көшкінін кісендеп, топырағын эрозиядан сақтап, елді мекендерді дауылдан қорғайтын сексеуіл екенін баршаға дәлелдеді.
2004 жылдан бастап Сенек, 2007 жылдан Ұштаған, 2012 жылдан Тұщықұдық және де 2016 жылдан бастап Шебір ауылын көшпелі құмнан қорғау жұмыстарын жүргізуді өз қолына алды. Бұл уақыт арасында 3 035 гектар аумақты алып жатқан территория қоршалып, фитомелиорация-механикалық жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде қоршалған аумақтың өсімдік жамылғысы толықтай қалпына келді деп қорытындылауға болады.
Қазір құм тоқтату жұмыстары Маңғыстау ауданының Шебір ауылында жалғасын табуда.
Сонымен қатар, оның тікелей араласуымен құрылған жергілікті маңызы бар «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне» біріктірілген жалпы аумағы 1,047 млн га жеті ерекше қорғалатын табиғи аумақта (ЕҚТА) өлкенің қоршаған ортасын, онда мекендейтін аң-құстарын, өсімдік әлемін және сол барлық жәндіктерді қорғап, олардың құрып кетуінен сақтап қалуда үлкен жүмыстарды жүзеге асырды. Осы айтылған мекемелерде 250-дің үстінде жергілікті халық жұмыспен қамтылды.
Тек өңіріміздегі ғана емес, еліміздегі экологиялық проблемалар дегенде ең алдымен Каспий теңізінің жай-күйі бірден еске түседі. Оны шешу мақсатында бірқатар шаралар қолға алынуда.
2003 жылы 4 қарашада Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеран қаласында Каспий теңізінің айналасында өмір сүретін бес мемлекеттің өкілетті өкілдері Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі Негіздік (Тегеран) конвенцияға қол қойды. Осы Негіздік (Тегеран) конвенциясы 2006 жылы 12 тамызда күшіне енді.
Осыған байланысты, қоғамның назарын Каспий теңізінің қоршаған ортасын қорғау мәселесіне аудару мақсатында 12 тамызды Каспий күні деп жариялады. Осы шешім негізінде Каспий күні 2008 жылдан бастап барлық бес мемлекетте жыл сайын «Каспийді сақтайық!» деген ұранмен аталып келеді.
Бұл салада Орынбасар Әбдіұлының Қазақстан үшін, әсіресе Ақтау қаласы тұрғындары үшін Қаспий теңізінің қоршаған ортасының проблемаларына қоғамның ынта-ықыласын аударуға әсер ететін Каспий Күні мерекесін жыл сайын 12 тамызда әлемдегі барлық ынта білдіруші жақтарды қатыстыра отырып халықаралық дәрежеде өткізуді ұйымдастыруға қосқан үлесі зор!
Соңғы жылдары оның бастамасымен аймақтың және Каспий теңізінің экологиялық проблемалары бойынша екі рет халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді.
Теңіз түбінде су асты паркін құру мақсатында жасанды рифтер орнату және теңізді құрылық жағынан қорғау үшін Түркіменстаннан Атырау облысы шекарасына дейінгі жалпы ұзындығы 1 399,5 шақырым теңіз жағалауына су қорғау белдеулері мен аймақтарын құру жұмыстарына белсенді атсалысты.
Ол он жыл бойы теңіз деңгейінің өзгерісін қоса алғанда, қазірге дейін ұласып келе жатқан қоршаған ортаға зиянды әсерлерге, экологиялық жүйе деградациясының жалғасуына, биологиялық алуантүрлілік қорының апатты деңгейге дейін азаюына және басқа да факторларға байланысты Каспий аймағында пайда болған қиыншылықтарды көрсете отырып Каспий проблемалары ғылыми-зерттеу институтын құру бойынша мәселені халықаралық деңгейге дейін көтеріп, 2018 жылы оның құрылуына қол жеткізді.
Орынбасар Әбіұлының бастамасымен 2014 жылдан бастап «Қошқар-Ата» қалдық қоймасының айналасына қорғаныштық жасыл желек белдеуі құрылып келеді.
Еліміздегі өлкелер арасында тұңғыш рет 2009 жылы Маңғыстау облысының кешенді атласы жасақталып, үш тілде басылып шықты. Қазақстанда тұңғыш рет облыстағы «Ерекше табиғат нысандары толық зерттеліп, олардың кешенді паспорттары» және Маңғыстау облысының экологиялық паспорты жасақталды.
Қазір, Басқармада ардагер маман ретінде халыққа экологиялық білім мен тәрбие берудегі жұмыстарды атқарып жүр. 2006 жылдан бастап Маңғыстау облысының бұқаралық ақпарат құралдарында «Экологиялық тақырыптың үздік жарияланымы», Маңғыстау облысының жалпы білім беру мектептері арасында «Табиғатпен үндес мектеп» конкурстары мен «Жоғарғы және арнаулы орта оқу орындары студенттері арасында облыстық экологиялық олимпада» дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. 2016 жылдан бастап «Жасыл аула», «Табиғатпен үндес балабақша» және «Үлгілі ауыл» конкурстарын өткізу қолға алынды. Оқушыларға экологиялық тәрбие беруді жақсарту үшін «Қоршаған орта экологиясы» атты оқу-әдістемелік құрал жасалып, олар облыстағы барлық білім беру мекемелеріне таратылып, пәнді оқытатын 158 маман дайындалды.
Орынбасар Әбдіұлы облыс халқы алдында үлкен беделге ие. Ол Маңғыстау облысының Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысының ардагер ұстаздар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Ұлттық география қоғамының басқару кеңесінің мүшесі ретінде белсенді қызмет атқарып келеді.
Орынбасар Әбдіұлы Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі», қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Экология саласының үздігі» төсбелгілерімен, Қазақстан Республикасы конституциясының 20 жылдық мерекелік медалімен, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің он, жиырма жылдығына байланысты юбилейлік медальдарымен, және 2016 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысы әкімінің Құрмет грамотасымен екі рет, төсбелгісімен бір рет және Маңғыстау облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Бұл оның әр адамның қолынан келе бермейтін, мәңгілік мұраға қалатын сан-қырлы еңбегі мен біліктілігінің, парасаты мен интеллектуалдық қабілетінің лайықты өлшемі деп білемін.
Сіздің өмір жолыңыз, еткен еңбегіңіз, қажырлы қайратыңыз қазіргі жастарға үлгі болып, болашақ ұрпаққа өнеге боларлықтай.
Жақында Орынбасар Әбдіұлы шаңырағына келін түсіріп, қуанышқа бөленуде. Өміріңіз ұлағатты ұстаздан, абыз атаға ұлассын. Немере сүйіп, шөбере көріңіз, ағай.
Табиғатты түрлендірген тірлігімен,
Жылу шашып білімінің нұрыменен.
Бірегейсіз, мыңнан дара шауып шыққан,
Қамқоршы Жер ананың қамын жеген.
Ұлағатты ұстазсыз, шоқтығы ұлық,
Ұраны «бейбітшілік, ырыс, бірлік».
Бойыңызда сабыр да бар, ақыл да бар,
Ұлыларға жарасқан көркемділік.
Білім деген қараңғыда қолға шырақ,
Тау-тасты тесіп өтер мөлдір бұлақ.
Тірлігіңіз бірлікке ұласады,
Іскерлік пен білгірлік тоғысқан сәт.
Міне, бүгін жасыл өлке байлықтамыз,
Жүз жасаңыз, ешқашан қамықпаңыз.
Қайраткер Орынбасар Әбдіұлы,
Өмірде бар жақсыға лайықтысыз!
Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Әділбекова Жазира Раббаниқызы





