
ҚР Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев көп балалы аналармен кездесті.
Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдаш Искакованың айтуынша, биыл АӘК төлеу үлгісі өзгертілді. Облыс бойынша 7200-ден астам көп балалы отбасыға мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Ал атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасыларды жұмыспен қамту шаралары жүргізіледі. Өңірдегі кедейшілік шегі 19 109 теңгеге белгіленген. Биыл АӘК берілетін балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет шеңберінде көмек ұсынылады.
Жиналыста Орал қаласының әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов көп балалы аналардың басын біріктіріп, билік пен қоғамның арасындағы байланысты нығайтуға, мемлекеттік бағдарламалардағы өзгерістерді түсіндіруге сеп болған белсенді тұрғынның бірі Айнұр Серікқызы екенін айтып, оған сөз берді. «Сәуір айынан бастап 500-ге тарта көп балалы аналармен бірге жұмыстанып келемін. Олардың қатарында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, жалғызбасты немесе мүгедек бала бағып отырған аналар бар. АӘК-ге қатысты түсінбестік туындап жатады. Ұдайы аналардың жанайқайына куә боламын. Тұрмыстық жағдайға байланысты көп жайттан құлағдар бола бермейді. Құқықтық және қаржылық сауаты кемшін соғып жатады. Қолдарына түскен қаржыны орнықты жұмсай алмайтындары да бар. Сол кезде мемлекет берген ақшаны үнемдеп ұстап, мал алуға, кәсібін ашуға үгіттеймін. АӘК төлеген кезде ер адамдар масылдыққа жол беріп, жұмыссыздар қатарын толықтыруда. Бұл бағытта аналарға түсіндіру жұмысын жүргіздім. Былтыр Үкіметтің көптеген тұрғынның несиесін жабуы да қоғам үшін оңтайлы шешім болды», – деді Айнұр Серікқызы. Ол аналардың өтініші мен ұсыныс-пікірлері туралы айтты. Айнұр Серікқызы мемлекет әр балаға 10 500 теңге тағайындауын аналар құп көретінін жеткізді. Сондай-ақ облыстағы күнкөріс деңгейі өзге өңірлермен салыстырғанда төмен екенін, сол шекті көтеру қажет екенін айтты. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша тұрғын үй займы мөлшерін 10 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін көтеруді ұсынды.
ҚР Парламент Сенатының депутаттары Нариман Төреғалиев Президент Жолдауында айтылғандай жергілікті билік пен азаматтық қоғам өкілдерінің ашық пікірталасқа түскенін қолдайтынын жеткізді. «Былтыр Парламент 83 заң жобасын қабылдады. Оның ішінде қолданыстағы 27 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өздеріңізге мәлім заңдарға енгізілген өзгерістер әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға бағытталған. 2019 жылдың сәуір айында балаларға тағайындалған мемлекеттік жәрдемақыға қатысты Парламент отырыстарында қызу талқылау көп болды. Заң жобасы бекітілгенннен кейін де табысын жасырған отбасылар болды. Табысын кемітіп көрсету үшін кейбір ерлі-зайыпты әдейі ажырасты. Сондай заңсыздықтарға байланысты жыл соңында жаңа үлгідегі АӘК төлемі бекітілді. Мемлекет қаржысының да сұрауы бар. Масылдыққа жол бермеу қажет», – деді Нариман Төреғалиев. Жиында БҚО-да, көршілес облыстарға қарағанда, көгілдір отын төлемі қымбат екені, азық-түлік бағасының шарықтап жатқаны, бұлардың бәрі – күнкөріс қамына кері әсерін тигізіп жатқаны да айтылды.
– Энергетика министрлігі газ құнына байланысты мәселенің шешімін табумен айналысып жатыр. Яғни, республика бойынша көгілдір отын тұтынуға қатысты бір баға белгілеу мақсатында жұмыстануда. Баға саясатын ретке келтіру оңай жұмыс емес. Нәтижесі кейін белгілі болады, – деді Сенат депутаты Ерболат Мұқаев.



