БҰҰДБ халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған тұрақты дамуға шақырады

    БҰҰДБ халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған тұрақты дамуға шақырады

    Ағымдағы жылдың 6-ақпаны күні Назарбаев Университетінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) «Урбанизация инклюзивті және тұрақты дамудың тездеткіші ретінде» атты адами дамудың ұлттық баяндамасын Назарбаев университетінде сарапшылар тарапынан талқыға салынды.

    Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми және сараптамалық қоғамдастықтардың 100-ге жуық өкілдері қатысты. Олар Қазақстандағы урбанизацияның негізгі мәселелері мен мүмкіндіктерін, содай-ақ адам дамуының индикаторларын жоғарылату үшін қала әлеуетін қалай пайдалану керектігін талқылады.

    Урбанизацияның тұрақты саясаты халықтың әл-ауқатын едәуір жоғарылата отырып, әлеуметтік жағдайды қоршаған ортаны және экономиканы жақсартуға мүмкіндік береді. Зерттеулерге сәйкес, экономикалық, экологиялық және әлеуметтік сияқты тұрақтылықтың үш өлшемі арасындағы тепе-теңдікті сақтау басты шарт болып табылады.

    ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов БҰҰДБ жасаған баяндамада қандай мәселеге көңіл бөлінгеніне тоқталып өтті. «Баяндамада әлемдегі теңсіздіктің белең алуы мәселесіне көңіл бөлінді. Қазақстан да БҰҰ ұсынған 17 жаһандық мақсатқа жетуге ұмтылады. Елімізде кедейлікті жеңу, халықтың әл-ауқатын көтеру үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа форматы жасалды. Былтыр ең төменгі жалақы бір жарым есе көбейді. Басқа да міндеттерді орындап жатырмыз», – деді ол. Вице-министр ең төменгі жалақыны 73 мың теңге дейін көтеруге қатысты пікірін білдірді. «Соңғы кеңейтілген отырыс аясында мемлекет басшысы осындай тапсырма берді. Жаңа айтқанымдай, өткен жылы ең төменгі жалақы бір жарым есе өсіп, 42 500 теңге болды. Жалақыны тағы көбейту керек. Бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ең төменгі жалақыны 73 мың теңге дейін жеткізудің нақты уақыты белгіленген жоқ. Қазір төменгі жалақыны анықтау тетіктерін әзірлеп, зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Айта кету керек, жалақының былтырғы өсуі жақсы нәтиже берді. Елдегі 1 млн 300 мың адамның жалақысы өсті. Төменгі жалақыны өсіру еңбекақы төлеу қорын ұлғайтты», – деді Ақмәди Сарбасов.
    Сондай-ақ, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуб Бериш: «Тиімді басқару мен дұрыс жобалаудың арқасында урбанизация Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге көмектеседі. Жақсы ойластырылған саясат экономиканы әртараптандыруға, жұмыс орындарын құруға, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кірістер теңсіздігі, тұрғын үйге қол жетімділік, көлік пен қоршаған ортаның ластануы сияқты урбанизация қауіптерін азайтады», - деген пікірімен бөлісті.

    Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл Эльвира Әзімова да айтулы шара барысында өз ойларын ортаға салды.

    «Бұл көтеріліп отырған мәселелер бүгінгі таңда өте өзекті. Оның біршамасын жаңа сала өкілдері атап өтті. Мен ойымды баяндама түрінде емес, нақты мәселелерге тоқталып қысқаша жеткізгім келеді. Бүгінде қылмыстық атқару жүйесіндегі түзету мекемелерінде 23130 қылмыскер жазасын өтеп жатыр және олардың 255-і І, ІІ топтағы мүгедек екен.

    Тұрғын үйге кезекке тұруға жауапкершілікті күшейту туралы Заңға өзгеріс енгізілсе де, 2013 жылғы көрсеткіш бойынша Қазақстанда тұрғын үй кезегін күткен жетім балалар саны 31 мың болса, бүгінде ол сан 60 мыңға жетіп отыр.

    Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 20 мың арыз тілкелген. Оның басым бөлігі қаржылық мәселеден туындап отыр. Бұл арыз иелерінің шағымдары психологиялық кеңестер мен медициналық көмек қорын берумен мәселе шешілмейтінін айтқым келеді.

    Бүгінде қоғамдағы теңсіздіктерді адам құқықтарының бұзылу фактілерімен байланыстыруға болмайды. Теңсіздік мәселесі кіріс деңгейін бағалау мен орташа көрсеткіштерден тыс шығады. Мен бұл ұстаныммен келісемін.

    Адам құқықтарының іске асуы үшін тұрақты табыс көзі болуы тиіс» деген сынды Уәкіл Эльвира Әбілқасымқызының тұшымды пікірлері көпшілік назарына ұсынылды.

    Есепте екі индекс пайдаланылады: Қазақстанның барлық өңірлері үшін есептелген урбанизацияға (АДИ) сәйкес адам дамуы индексі және елдің 30 ірі қаласы үшін құрастырылған тіршілік орта индексі (ИСО).

    БҰҰДБ-ның 2019 жылы жарияланған Адами даму бойынша жаһандық баяндамасына сәйкес, Қазақстан 189 елдің ішінде 50-орынды иеленіп, адами дамуы өте жоғары деңгейдегі елдердің қатарына енді. Бұл азаматтардың денсаулығы, білімге қол жетімділігі мен өмір сүру деңгейінің жақсы көрсеткіштерінің арқасында мүмкін болды. Алайда, барлық аймақтарда антропогендік ортаның, оның ішінде ғимараттардың, инфрақұрылымның, жолдардың, көлік жүйелері мен қоғамдық орындардың сапасы төмен болып шықты. Сондықтан, антропогендік ортаны жақсарту адамның дамуы мен қалалық жерлерде адамның әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді.

    Сонымен бірге адам дамуының жоғары көрсеткіштері елдің облыстары мен қалалары арасында біркелкі емес. Мысалы, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Павлодар облысында көрсеткіштер жоғары болса, Ақмола, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан облыстарының қалалық аудандарында мүмкіндіктер төмен деңгейде.

    Оған қоса, Қазақстанның ең дамыған қалаларының өздері мүмкіндіктерін толық пайдаланбайды. Қалалар негізгі қызметтердің, әсіресе ауыз судың, санитария мен жылудың сапасын жоғарлату арқылы адам дамуының көрсеткіштерін жақсарта алады. Қоғамдық көліктің жетіспеушілігі азаматтарды жеке көліктерді қолдануға мәжбүр еткізеді, бұл кептелістер мен ауаның ластану деңгейіне теріс әсер етеді. Интернетке қол жеткізу, халықтың тығыздығы мен жасыл аумақтардың көлем көрсеткіштері барлық 30 қалада әлемдік деңгейден едәуір төмен.

    Сонымен қатар, баяндамада қалаларды дамытудың тұрақты саясаты туралы ұсыныстар еңгізілген. Солардың ішінде халықты ескеретін басқару моделін ілгерілету, қалалардың өсуі мен кішіреюуіне байланысты әртүрлі басымдықтарды таңдау секілді ұсыныстар бар.

    Аталмыш іс-шарада баяндаманың жетекші авторы, БҰҰДБ-ның штаб-пәтеріндегі Адами даму бойынша баяндама бөлімінің директоры Педро Консейсаоның қатысуымен «Табыстардан тыс, орташа деңгейден тыс, бүгіннен тыс: ХХІ ғасырдағы адам дамуындағы теңсіздік» атты жаһандық баяндама да ұсынылып, көпшіліктің ой-талқысына түсті.

    Источник

    Похожие материалы

    gov.5n.kz

    Анализируем открытые данные и публикации официальных источников. Материалы собраны в единой ленте для быстрого поиска и мониторинга.

    © 2026 gov.5n.kz. Информационно-аналитический портал.