Қала көлемінде кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 2012 жылы – 74 (77) болып, өткен 2011 жылмен салыстырғанда 3 қылмысқа азайғанымен, ағымды жылдың 10 күнінде 6 қылмыс тіркеліп, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар күрт өскен.
Себебі, №257 мектептің 9 сынып оқушысы кәмелетке толмаған Ә.М. 5 автокөліктің ішіне заңсыз кіру арқылы азаматтардың әр түрлі заттарын ұрлап, барлығы 6 қылмыс жасаған.
Аталған факті бойынша қалалық ІІБ-мен ҚР ҚК-нің 175-бабының 2-бөлігінің «б,в» тармақтарымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу нәтижесімен қылмыстық іс негізінен қарау үшін Қызылорда облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданып, қаралуда.
Осы ретте, қалалық білім бөлімі және мектеп директорымен Қазақстан Республикасының 09.07.2004 жылғы №591 «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Заңының 4-бабының талаптарының бұзылуына жол беріліп, яғни кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың және қоғамға жат iс-әрекеттердiң алдын алып, олардың жасалуына ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтау және жою, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар немесе қоғамға жат iс-әрекеттер жасауға тарту фактiлерiн анықтап, жолын кесуде тиісті жұмыстар атқармаған.
Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 29 сәуірдегі №271-ІV «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңының (әрі қарай Заң) 11-бабына сәйкес, білім беру ұйымдарының білім алушылар мен тәрбиелеушілеріне құқықтық тәрбие беру мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілері арасында құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі іс-шараларды өткізуі тиіс.
Осыған қарамастан, білім беру бөлімі тарапынан аталған заң талаптары орындалмай, кәмелетке толмағандар арасында қылмыстылықтың алдын алу жұмыстарының тиімділігі болмаған.
Өз кезегінде, қалалық ІІБ-сы мен қалалық білім бөлімімен осы тұрғыда бірлескен нақты іс-шаралар ұйымдастырмай, формальді түрде жұмыс атқаруда.
Осы орайда, Қызылорда қалалық прокуратурасымен қалалық білім бөліміне алдағы уақытта қылмыс пен құқық бұзушылыққа бейім балаларды алды бұрын анықтап, олармен жеке-дара тәрбие жұмыстарын күшейтіп, ата-аналарымен, тәрбие ортасымен тығыз байланыс орнатып, олардың сабақ уақытында және әрбір тыс жерлерде қадағалаусыз қалмауын қамтамасыз ету, сондай-ақ қала көлемінде орналасқан ресторан, кафе, түнгі клубтарда және көшелерде кәмелетке толмағандардың бей-мезгіл уақыттарда жүріс-тұрыстарын, қылмыстылықтың алдын алу мақсатында қалалық ІІБ-сы және қалалық білім бөлімімен бірлескен рейдтер мен іс-шаралар ұйымдастырып, олардың орындалуын ұдайы қамтамасыз етіп, алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру туралы заңдылықты бұзуды болдырмау туралы ұсыныс келтірілді.
Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі


