
Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Талдықорған қаласында дүбірлі дода – Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы өтті. Байқаудың ұйымдастырушылары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті, Алматы облысының әкімдігі. Байқау екі кезең бойынша (проза, поэзия) өтті. Қатысушылар байқаудың бірінші кезеңінде қазақ әңгімесінің хас шебері, өмірдің шынайы картинасын жасаушы Бейімбет Майлиннің «Күлпәш», «Қара шелек», «Раушан коммунист» сияқты әңгімелері мен сөз құдіретін еркін меңгерген суреткер Сәкен Сейфуллиннің «Айша» т.б прозалық шығармалардан үзінді оқыды.
Ал екінші кезеңінде қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік поэмалардың бірі – Ілиястың «Құлагері» мен поэзия падишасы Фаризаның мұңлы, сезімге толы өлеңдері, Сәбит Дөнентаевтың терең мазмұнды, ойлы туындылары оқылды. Себебі, биыл Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Дөнентаев, Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдық және Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойлары болғандықтан байқаудың шарты осындай еді.
Байқауға әділ бағасын беретін төрешілер қатарында белгілі ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапай, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали, театр, кино және дубляж актері Азамат Шарын, профессор, ф.ғ.д. Мұратбек Иманғазинов сынды зиялы қауым өкілдері болды. Исі қазақтың барлық өңірінен сөз өнерін бағалайтын сайыпқырандар жиналған республикалық додада жүлдегерлерді анықтау оңай болған жоқ. Залда отырған көрермен өз таңдауын жасап, әр облыстан келген қатысушыға жанкүйер болып, тақымдарын қысып отырды. Алайда, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» – дегендей бұл сайыста Нұр-Сұлтандық Алхабек Айжанның бабы мен бағы қатар шауып, бас бәйгені қанжығасына байлады. Ал, бірінші орынға шымкенттік Мәди Сәулебек лайық деп танылды. Павлодар облысының намысын қорғаған Ербақ Құрметжан екінші орынды еншілесе, байқаудың үшінші орынын Шығыс Қазақстан облысынан келген Әлия Болатова мен Қызылорда облысынан келген Айсана Әшімхан өзара бөлісті. Жеңімпаздар дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Байқауға ерекше ықыласпен дайындалып келген Ілияс Нұрланбеков (Алматы облысы) пен Ерлан Нұрланов (Жамбыл облысы) ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Қазылар алқасының айтуынша қатысушы үміткерлердің сахнада өзін ұстауы, сөйлеу мәнері, киім кию мәдениеті, көрермендермен байланысы, түр-сипаты, шығарманы сәтті таңдауы мен баяндауы, табиғилығы ескерілген.
Жеңімпаздарды марапаттау сәтінде сөз алған актер Азамат Шарғын: «Майдың үстіне май жаққандай әсірелеп, жасанды дауыс жасап, оны құбылтып оқу ескіліктің жұрнағы, қазіргі өнерге шынайылық керек – деген бір ғана тілегін жеткізді. «Өлең деген ақынның бір сәттік көңіл-күйі. Оны дөп баса білу керек. Бұл сын емес, бұл менің ағалық тілегім» – деді ол.
Шара соңында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешев Талдықорған қаласында өткен республикалық байқаудың басы-қасында болып, ат салысқан Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына ұйымдастырушылар атынан алғысын жеткізді.



