
Тіл сарайында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, Достық үйі – Қоғамдық кеңес орталығы, Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы және «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының бірлесе ұйымдастырумен «Латын әліпбиі – баршаға ортақ» тақырыбында практикалық семинар өтті.
Жиынға А. Байтұрсынов атындағы Тіл білім институтының ғылыми қызметкерлері, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушылары, Аналар кеңесі, ғылыми-сарапшы топ мүшелері, мұражай, кітапхана қызметкерлері қатысты.
Шараны облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай ашып, жүргізді. Өз сөзінде Ғабит Тұрсынбайұлы практикалық семинарға келген қонақтарға алғысын білдіріп, қоғамда қызу талқыға ие латын әліпбиіне көшу мәселесінің оңтайлы тұстарына тоқталды.
Жиында алғашқылардың бірі болып баяндама оқыған А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Айсәуле Аманбаева «жазу арқылы халықтың ой-санасы дамып, өркениетке аяқ басады» дей келе, тілімізді компьютерге емес, компьютерді тілімізге икемдегеніміз дұрыс боларын атап өтті.
І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың оқытушысы, ф.ғ.д., профессор Мұратбек Иманғазинов халық көңіліне қонымды латын графикасындағы жаңа әліпби жобасының терең талдау мен қолдау тапқанын тілге тиек етіп, «Латын әліпбиіне көшсек: - қазақ тілінің басты үш дыбыстық заңы: буын үндестік, дыбыс үндестік, ерін үндестігі бұзылудан сақталады, акцент пайда болып, дұрыс интонация нығая бастайды, кірме лексика, термин сөздер үндестік заңдарына бағынады, сайып келгенде орфоэпиялық нормалар орфографиялық нормаларды ығыстырып, соның негізінде зияткерлік ұлттың негізі қалыптасады»-деп, түсінік берді.
Семинар барысында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Башбаев «Латын әліпбиіне көшу бір сөзбен айтқанда тілдің тәуелсіздігі» деп, ғылымилық, ұйымдастырушылық, насихаттық сынды үш бағытты қамтитын жалпы ұлттық кешенді жұмыстың жүйелі түрде жүргізіліп жатқандығын айтты.
Ал, философия докторы Айна Рахимова тіліміздің ең ұсақ бөлшегі әрбір әріпке деген көзқарас қазақтың әр азаматының болашағына үңілгендей концептуалды пайымнан тууы міндет екенін, сондай-ақ жаһандық ғаламның қазанында қайнап, ақпараттық ағымына ілесіп бара жатқан еліміздің ертеңі әлемдік аренадағы келбетімізге тікелей байланысы барын қаперге салды.



