
Бүгін қала әкімі Әліпбек Өсербаев түркістандық көпбалалы аналарды мерекелік күнмен құттықтап, сый-сияпаттар ұсынды. Шаһар басшысы Алтын алқа иелеріне орден кітапшасын табыстап, ақ жаулықты аналарға деген ізгі тілегін жеткізді.
Түркістанда бүгінгі таңға 7000 мыңға жуық көпбалалы ана бар болса, оның ішінде 2400 ана Алтын алқа, Күміс алқа медалімен және «Ана даңқы» мен «Батыр ана» орденімен марапатталғандар. Бұған қоса Елбасының 2019 жылғы 13 ақпандағы Жарлығымен түркістандық 7 ана Алтын алқа, 30 ана Күміс алқа игері атанды.
«Шаңырақтың шаттығы мен берекесі болған абзал жандар біздің қала халқының тең жарымынан астамын құраса қаламыздағы білім беру мен денсаулық саласы мамандарының 70 пайыздан астамын нәзік жандылар құрайды. Иә, әйел-аналар барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, тірліктің қайнар бұлағы. Әрдайым ақпейіл де қамқор, адал да үлгілі қалыптарыңыздан талмай жүре беріңіздер. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасыларыңызға мол бақыт, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін!», - деді Әліпбек Шәріпбекұлы.
Көпбалалы және тұрмыстық жағдайы аз қамтылған отбасыларға мүмкіндігінше әлеуметтік көмектер беріліп, бүгінде 380-ге жуық отбасыға азық-түлік пен киім-кешектен қолдау көрсетілді.
Сондай-ақ қаламыздың әрбір мөлтек аудандарынан күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік 15 дүкен ашылды. Базар бағасынан едәуір арзан дүкендер тұрғындар игілігі үшін тұрақты жұмыс жасауда. Әрине, өз кезегінде қаламызда тұрғындардың әл-ауқатын көтеру мен көмек көрсетуде бірқатар жұмыстар жасалып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады.
Айта кеткен жөн, «Отырар» мөлтек ауданында бой көтеріп жатқан 1200 пәтерлі әлеуметтік баспаналар биылғы жылы көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға кезекпен табысталмақ.
Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі.



