
«Жетісу – адалдық алаңы» жобасы аясында бүгін Сарқан қаласындағы Абай атындағы мектеп-гимназиясында аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында пікір-сайыс өтті.
Жалпы пікір-сайыстың негізгі мақсаты білім беру ұйымдары арасында құқықтық мәдениетті көтеру, білімге, отансүйгіштікке, ұлтжандылықты, біліктілікті, тапқырлық пен ұшқыр ойлықты, өз ойын дәлелдей білетін азаматтарды даярлау және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру.
Сайысқа аудан бойынша 18 команда қатысып, өз бақтарын сынады. Жүзден жүйрік озғандар 3 сайыстың қорытындысына сәйкес финалдық ойынға 4 команда жолдама алып, өзара мықтыны анықтады.
Турнир жеңімпаздарын төрешілердің шешіміне сәйкес 1 орынды Абай атындағы мектеп-гимназиясы, 2 орынды К.Қазыбаев атындағы орта мектебі және межелі үштікті Алмалы орта мектебі иеленді. Сонымен қатар, «Үздік спикер» номинациясы бойынша Алмалы орта мектебінің ұстазы Идрисов Рустем, №1 мектеп-гимназиясының оқушысы Қанатова Амина және Абай атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Жекен Ақжол мақтау қағазымен бағалы сыйлықтармен марапатталды.



