
Кеше аудан әкімдігінде 2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізуге жәрдемдесу жөніндегі жергілікті комиссияның отырысы өтті.
Комиссия отырысына облыстық статистика департаментінің басшысы Мариям Баекеева, департамент басшысының орынбасары Сәуле Рысмаханова және осы департаменттің санақ бөлімінің басшысы Галина Ермекова арнайы қатысты.
Басқосуда аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов Қазалыда халық санағын өткізуге жәрдемдесу жөніндегі аудандық комиссия құрамы бекітіліп, маңызды шараны жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары бекітілгенін тілге тиек етті.
– Осы бекітілген іс-шараларға сәйкес кент, қала және ауылдық округтерінде жәрдемдесу жөнінде комиссиялар құрылды. Аудандағы барлық елді мекендерде көшелердің атауларын, кварталдардың, үйлердің және пәтерлердің нөмерлерін ретке келтіру, тұрғын жайларды аншлагпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарды Қазалы қаласы мен барлық ауылдарда бітірдік. Биылғы жылы Әйтеке би кентінің қалып қойған аумақтарын ангшлагтармен қамтамасыз етуге қосымша қаржы қарастырып отырмыз. Амандық болса бұл жұмыстарды да жақын арада бітіреміз, – деді.
Сондай-ақ Әлімжан Мұратбайұлы аудан елді мекендеріне схемалық картографиялық материалдар алынып, жаңадан салынған үйлер енгізіліп, аудандық статистика басқармасына табысталғанын да жеткізді.
Мұнан соң Қызылорда қаласынан келген мамандар облыстық статистика департаментінің басшысы Мариям Баекеева, департамент басшысының орынбасары Сәуле Рысмаханова және осы департаменттің санақ бөлімінің басшысы Галина Ермекова еліміздегі ұлттық санақтың өтетін уақыты мен тәртібін түсіндіріп өтті.



