
ҚР СІМ-нің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Батырхан Құрмансейіт Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы өкілі ретінде Мысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах ас-Сисидің бастамасымен 14—17 желтоқсанда Шарм әл-Шейх шаһарында өткен «Әлем жастары форумына» (World Youth Forum 2019) қатысты.
Осымен үшінші рет өткізіліп жатқан биылғы форум бейбітшілік, даму, ынтымақтастық пен шығармашылық мәселелеріне арналған. Панелдік сессиялардың басты тақырыптары: азық-түлік қауіпсіздігі, қоршаған орта мен климат, блокчейн, жасанды интеллект, әйел құқықтары мен мүмкіндіктерін арттыру, өнер мен кино болды.
Әлем форумына жүзден аса елдерден мемлекет пен үкімет басшылары, халықаралық ұйымдардың жас лидерлері, әлем деңгейіндегі белгілі қоғам қайраткерлері және жастар өкілдері қатысты. Іс-шараға Қазақстанның белсенді жастары да келді.
Форум аясында Мысыр елінің Президенті Әбдел Фаттах ас-Сиси мен Сыртқы істер министрі Самех Шукридің қабылдауында болған Б.Құрмансейіт Мысыр тарапына ҚР Мемлекет басшысы мен ҚР Сыртқы істер министрінің ізгі лебізіндерін жеткізді. Елімізде 2019 жыл Жастар жылы және 2020 жыл Еріктілер жылы деп жарияланғанын екенін ескере отырып, Қазақстан тарапы аталмыш халықаралық іс-шараның маңыздылығын бағалап, ҚР мен МАР арасындағы қарым-қатынастардың жоғарғы деңгейін басып айтты.
Әлем жастары форумы алғаш рет Мысырда 2017 жылы өткен болатын. Іс-шараға әлемнің түпкір-түпкірінен жастар ағылып келеді. Олар үшін бұл форум саясаткерлер, экономистер, бизнес өкілдері мен ықпалды қайраткерлермен әрекеттесу үшін жақсы алаңға айналды.



