
Барлығыңызға белгілі, ағымдағы жылдың 6-қаңтары мен 5-ақпан күндері аралығында Түркістан облысының аумағында полицейлер "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Аталған іс-шараның мақсаты табиғат қорғау заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, браконьерлік, заңсыз балық аулау, ағаш кесу, табиғи ресурстарды өндіру және т. б. жайттарды анықтау және жолын кесу болып табылады.
"Браконьер" жедел-профилактикалық іс - шарасын жүргізу барысында Түркістан облысы ПД ЖПҚ-нің полиция қызметкерлері 11 экологиялық қылмысты анықтады, оның ішінде заңсыз балық аулау бойынша - 4 дерек , заңсыз аң аулаудың - 2, жер қойнауын өз бетімен пайдаланудың – 2 және сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар түрлерімен заңсыз айналысудың- 2 жайты айқындалды.
Мысалы, Арыс ауданында Түркістан облысы ПД ЖПҚ табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері Арыс АПБ-мен бірлесе отырып, рейдтік іс-шаралар барысында Көксарай су қоймасында заңсыз балық аулау дерегін анықтады. Полиция қызметкерлері Сарыағаш ауданының тұрғынын құрықтады. Ұсталған күдіктіден қайық, балық аулау құрал-саймандары және 300 кг астам балық тәркіленді. Аталған жайт ҚР ҚК 335-бабы "балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау" бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Тағы бір браконьерлік жайты Түркістан облысы Түлкібас ауданында анықталды. Тәртіп сақшылары жабайы жануарларды заңсыз аулаған жергілікті тұрғынды ұстады. Айғақты зат ретінде қабанның еті мен аңшы мылтығы алынды. Браконьерлік дерегі бойынша ҚР ҚК 337-бабы "Заңсыз аң аулау" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Сонымен қатар, "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері табиғатты қорғау заңнамасын бұзған 253 әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеді. Тәртіп бұзушыларға қатысты 1,3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, оның 950 мың теңгесі өндіріліп алынды. Тәртіп сақшылары браконьерлерден 9 аңшы мылтығы, 750 кг астам заңсыз ауланған балық, 3 жабайы жануарлардың еті , 4 қайық және 500 м астам балық аулау құралдары тәркіленді.
Сондай-ақ, "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары тұрғындар арасында Табиғатты қорғау заңнамасын бұзуға жол бермеу және табиғи ресурстарды заңсыз өндіру жағдайында әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.



