
81 жастағы түркістандық әже Ырыс Ташметова өнегелі іс жасап, зейнетақысына бетперделер тігіп, тегін таратуда. Жастық шағында қиын қыстау сәттерді бастан өткерген қазыналы қартымыз бүгінге дейін 400-ге жуық бетперде тігіп, көршілерге, тұрғындарға таратып үлгерген. Ендігі мешіттерге, перзентханаларға үлестіруді көздеп отыр.
⠀
"Жасым келді, маған беріңдер дегеннен гөрі, қолдан келер қайыр болса соны жасауға ниеттеніп, тезден жұмысқа кірісіп кеттім. Осындайда бір-бірімізге жанашырлық танытпағанда, қашан танытамыз?" деген әжей, біраз жанға үлгі көрсетуде.
⠀
Ол біліктілігі мен іскерлігін танытып, саналы ғұмырының 33 жылында есеп-қисап саласында тер төккен. Сонымен қатар, қала аумағындағы қоғамдық істерге белсене атсалысып, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде жарқын бастамалардың қолдаушысы ретінде жұртқа таныс.


