«Қасбеттен қасбетке дейін» абаттандыру бағдарламасы аясында Медеу ауданында 50 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетін жаңарту жоспарлануда.
«Q-Lab» әлеуметтік жобалау бөлімінің басшысы Тимур Бақдәулетұлының айтуынша, әрбір нысан бойынша оның сәулеттік ерекшеліктері ескеріліп, жеке тәсілдер қолданылады.
Тарихи маңызы бар және сәулеттік құндылығы жоғары ғимараттардың бастапқы сипатын сақтау басты назарда. Мұндай нысандарда сәндік элементтерді қалпына келтіру, қасбеттерді тегістеу және сырлау сияқты жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл әдіс 1953 жылы салынған «Теміржолшылар үйі» мен Абай даңғылы, 15 мекенжайындағы тұрғын үйде қолданылуда.
Ал сәулеттік шешімі қарапайым немесе уақыт өте келе көркем сипатын жоғалтқан ғимараттардың қасбеттері табиғи тас пен гранит сияқты әрлеу материалдарын пайдалану арқылы жаңартылады.



