2026 жылдың 17 сәуір күні Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Л.Қылышев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде «Оқушы ілгерілеуін басқару: деректер мен талдау» тақырыбында семинар-практикум жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті.
Аталған іс-шараға аудан мектептерінің бастауыш сынып мұғалімдері мен әдіскерлер қатысып, жалпы саны 50 педагог қамтылды. Семинардың мақсаты – білім беру процесінде деректерді жинақтау, талдау және тиімді қолдану арқылы оқушы жетістігін арттыру жолдарын көрсету, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту болды.
Семинар барысында қатысушылар ашық сабақтарға қатысып, тәжірибе алмасу алаңында заманауи әдіс-тәсілдермен танысты. Атап айтқанда, математика, әдебиеттік оқу және жаратылыстану пәндері бойынша ұйымдастырылған сабақтарда оқушылардың білімін саралау, кері байланыс орнату және деректерге негізделген оқыту тәсілдері кеңінен көрсетілді.
Панельдік сессияда деректерді сауатты талдаудың білім сапасын арттырудағы маңызы талқыланды. Әдістемелік шеберханада мұғалімдерге арналған «қызықты көбейту кестесі», «қателер классификаторы», «ресурс-бокс» сияқты тиімді құралдар ұсынылып, тәжірибелік жұмыстар жүргізілді.
Семинардың келесі кезеңінде қатысушылар аудандық мұражайға саяхат жасап, арт-терапия элементтерімен танысты. Сонымен қатар педагогикалық квест пен TEDx форматындағы таныстырылымдар ұйымдастырылып, білім берудегі жаңа көзқарастар мен идеялар ортаға салынды.
Іс-шара «Ұстаз ұлы тұлға» атты музыкалық театрландырылған қойылыммен қорытындыланды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, кері байланыс беріп, семинардың жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
Мұндай мазмұнды іс-шаралар педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп, білім сапасын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. https://www.facebook.com/share/v/18W9TggNCF/



