ДИНА НҰРПЕЙІСОВАНЫҢ 165 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОБЛЫСТЫҚ «КҮЙ ҚҰДІРЕТІ» ЖАС КҮЙШІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

    ДИНА НҰРПЕЙІСОВАНЫҢ 165 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОБЛЫСТЫҚ «КҮЙ ҚҰДІРЕТІ» ЖАС КҮЙШІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ
    Шолаққорған ауылындағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында қазақтың күй өнерінің көрнекті өкілі, дәулескер күйші Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған облыстық «Күй құдіреті» жас күйшілер байқауы өтті.
    Рухани шараның шымылдығы Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығын арқау еткен театрландырылған көрініспен ашылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
    Өнер мерекесінің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов құттықтау сөз сөйлеп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Ұлттық өнерді ұлықтауға бағытталған игі бастаманың маңыздылығына тоқталды.
    Киелі Созақ төрінде өткен өнер додасына Түркістан облысының аудан-қалаларынан 16-35 жас аралығындағы 19 жас күйші қатысып, екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңде қатысушылар Дина Нұрпейісованың күйлерін орындаса, екінші кезеңде Сүгір Әліұлы мен Төлеген Момбеков бастаған Созақ өңірінен шыққан күй тарландарының шығармаларын орындап, өз шеберліктерін танытты.
    Қатысушылардың өнерін Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздіктері мен тәжірибелі күйші-ұстаздардан құралған қазылар алқасы саралап, үздіктерді анықтады.
    Байқау қорытындысы бойынша:
    Бас жүлде – Ернар Сәтім (Арыс қаласы);
    І орын – Оңғар Дәулет (Шардара ауданы);
    ІІ орын – Сейсенбаева Мөлдір (Созақ ауданы);
    ІІІ орын – Тұрлыбай Нұрлыбек (Қазығұрт ауданы) иеленді.
    Сондай-ақ, бірқатар қатысушыларға Созақ ауданы әкімінің арнайы жүлдесі, Төлеген Момбеков атындағы арнайы жүлде, Сүгір Әліұлы атындағы арнайы жүлде және Дина Нұрпейісова атындағы арнайы жүлделер табысталды.
    Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілсе, байқауға қатысқан барлық өнерпаздарға арнайы сертификаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.
    Ұлттық өнердің асыл мұрасын дәріптеп, жас таланттардың шығармашылық ізденістеріне серпін беретін, әр жылы дәстүрлі түрде өтетін «Күй құдіреті» байқауы күй өнерінің қадір-қасиетін тағы бір мәрте айшықтап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
    Источник

    Похожие материалы

    gov.5n.kz

    Анализируем открытые данные и публикации официальных источников. Материалы собраны в единой ленте для быстрого поиска и мониторинга.

    © 2026 gov.5n.kz. Информационно-аналитический портал.